Шымкентте баспана ала алмай жүрген ТҚЖБ салымшылары банк алдында шу шығарды

Олар ақша салған баспана құрылысы созылып кеткен  

Шымкентте баспана ала алмай жүрген ТҚЖБ салымшылары банк алдында шу шығарды

Шымкентте «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшылары баспаналарына кіре алмай жүр. Келісімге сәйкес, олар пәтерін өткен жылы желтоқсанда алуы тиіс еді деп, хабарлайды Астана телеарнасы.

Құрғақ уәдеден шаршаған жұрт бүгін банк алдына жиналды. Арасында баспанасын 10 жыл күткен азаматтар да бар.

«Ол үйді қайта-қайта барып көріп жатырмыз. Үй толық біткен. Барлық жұмыстары аяқталған. Біткен үйді не үшін бізге бермей жатқанын білмеймін»,-дейді салымшы Гүлнара Дүйсенбаева.

Банк өкілдерінің сөзіне қарағанда, үйдің тапсырылуына карантин кедергі келтірген. Құжаттарды рәсімдеу созылып кетіпті. Банк өкілінің жауабына иланбаған салымшылар қала басшысына барып араша сұрады. Мұрат Әйтенов бұл мәселенің шешу жолын ұсынды. Алғашқы 30 отбасы жаңа үйге осы жұмада кіруі тиіс.

«Жұма күні кілтін береді. Бірақ рәсімдеу жұмыстары ары қарай жалғаса береді. Мен ертерек беріп жатырмын. Көшіп бара бересіздер. Кейін ақшасы бөлінгеннен кейін  келісімшартқа қол қойып, ары қарай жұмыс жасай бересіздер», - деді әкім.

Әкімнің айтуынша, құжт толық рәсімделмегендіктен, 176 салымшы бір күнде қоныстана алмайды. Дегенмен, Әйтенов, айдың соңына дейін баспана толық беріледі деп сендірді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.