Қазақстанда медициналық қызметтердің тарифі көтеріледі

Автор: Нұргүл Абай

Тарифтердің сәйкес келмеуі кредиторлық берешектің көбеюіне себеп болды дейді министр

Фото: istockphoto.com

Қазақстанда медициналық қызметтердің тарифтері қайта қаралады. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, тарифтердің сәйкес келмеуі медицина саласында айтарлықтай кредиторлық берешектің жиналып қалуына себеп болған. Осыған байланысты, келесі жылы МӘМС туралы заң аясында қосымша қаражат бөлінеді.

«Келесі жылы халық арасында сұранысқа ие 200 медициналық қызмет түрінің тарифтерін қайта қарауға 103 млрд теңге бағытталады. Бұған дейін тарифтердің төмен болуына байланысты осы қызметтердің бірқатары өңірлерде жабылып қалған еді. Сондықтан тарифтерді қайта қарау жұмысы аясында осы бағытқа 103 млрд теңге бөлініп отыр. Оның шамамен 34 млрд теңгесі – ТМККК есебінен, қалғаны – МӘМС қаражатынан. 2025 жылы біз тарифтерді көтердік және протон терапиясы, адаптивті-сәулелік терапия, КТ мен МРТ бойынша жаңа тарифтерді бекіттік. Мұның бәрі ең алдымен өңір халқының медициналық көмек алуына мүмкіндік береді. Бұрын жабылған 2700-ден астам тапшы төсек-орынды қайта ашу жоспарланып отыр. Жаңа тарифтер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді», - деді Әлназарова Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның айтуынша, инфекциялық қызмет бойынша тарифтер екі есе өседі, абдоминалдық хирургия – 40%-ға, басқа терапиялық бағыттар бойынша – 40%-тан 85%-ға дейін көтеріледі.