Әуе апатынан кейін екі тергеу басталған
Бір жыл бұрын Ақтау маңында құлаған Azerbaijan Airlines әуе компаниясының ұшағына қатысты тергеу аяқталуға жақын. Көлік министрлігі тарапынан басталған тергеудің қорытындысы осы жылдың соңына дейін немесе келер жылдың басында шығады. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, ұшақ апатынан кейін екі ведомство – Бас прокуратура және Көлік министрлігі тергеу бастаған.
«Криминалдық бөлігі бойынша тергеуді Бас прокуратура жүргізіп жатыр. Олар ресейлік әріптестерімен байланыста. Ал екінші тергеуді Көлік министрлігі бастаған. Бұл тергеу аяқталу кезеңінде. Қазір біз лицензиарлардың немесе технология иелерінің, аэронавигациялық құралдардың түпкілікті қорытындысын күтіп отырмыз», - деді Бозымбаев Мәжіліс кулуарында.
Ол Көлік министрлігі жүргізіп жатқан тергеу осы жылдың соңына дейін немесе келесі жылдың басында аяқталатынын атап өтті.
«Бас прокуратура жүргізіп жатқан тергеу бойынша да ілгерілеу бар. Көрші мемлекеттер басшыларының мәлімдемелерін көрдіңіздер ғой. Сондықтан келесі жылы ол тергеу де аяқталады деп үміттенеміз», – деді вице-премьер.
Естеріңізге салайық, 2024 жылғы 25 желтоқсанда Azerbaijan Airlines әуе компаниясының Баку – Грозный бағытындағы Embraer 190 ұшағы Ақтау әуежайынан үш шақырым жерде құлады. Ресми мәлімет бойынша, бортта Қазақстан, Әзербайжан, Ресей және Қырғызстан елдерінен барлығы 67 адам, оның ішінде экипаждың бес мүшесі болған. Апаттан 29 адам аман қалды. Өкінішке қарай, Қазақстанның алты азаматы да қаза тапты.
Қазақстанда Embraer 190 ұшағының Ақтау әуежайы маңында апатқа ұшырау себептерін тергеу үшін үкіметтік комиссия құрылды.