«Бата жасағымыз келген»: тіс емханасының басшылығы үш жасар қыздың отбасымен кездеспек болған
Адвокат клиникадан 25 млн теңге моралдық өтемақы талап етті дейді директор
Астанада стоматология креслосында қайтыс болған үш жасар Зеренің қазасына қатысты іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Клиника директоры Надежда Хон көз жұмған пациенттің отбасына көңіл айтып барғанын, бірақ оларды ешкім қабылдамағанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Анестезиологтың адвокаты Елеусов Хоннан марқұмның туыстарымен байланыс орнату әрекеттері туралы сұрады. Клиника директорының айтуынша, трагедия болған күні олар басқарушы директормен бірге отбасына көңіл айтуға барған.
«Жерлеу рәсімінен кейін біз – мен, басқарушы директор, стоматолог және Аида Жұмағалиева тағы бардық. Бата қалдырғымыз келген, бірақ бізді қабылдаған жоқ. Содан кейін біз олармен байланысқа шыққан жоқпыз», – деп түсіндірді ол.
Сондай-ақ директор күзде клиникаға жәбірленуші тараптың адвокаты келгенін айтты. Оның сөзінше, адвокат 25 миллион теңге көлемінде материалдық көмек сұраған.
«Ол 25 миллион теңге берсе, бұл материалдық көмек ретінде қарастырылады деді. Мен сот шешіміне сәйкес әрекет етеміз деп жауап бердім», – деді директор.
Директор оның орнына не ұсынылғаны туралы нақтылаушы сұраққа моральдық шығын жайлы сөз болғанын атап өтті.
Бүгін сотта клиника директорының кейбір жауаптары сот пен қорғау тарапынан қосымша сұрақтар туғызды.
Естеріңізге салайық, Астанада үш жасар қыз ұзақ анестезиядан кейін стоматология креслосында көз жұмған. Баланың әкесі мен отбасы адвокатының айтуынша, егер дәрігерлер стандарттарды сақтап, бір уақытта барлық дерлік тісті емдемесе, қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді.
21 қарашада баланың әкесі Талғат Құмаров 2024 жылғы 30 қазан күні қызының Севоран препаратымен анестезия алып, тісін емдеткенін айтқан. Алайда бүлдіршін анестезиядан кейін оянбаған. Реанимациялық шараларға қарамастан, оны аман алып қалу мүмкін болмады. Қыз баланың жүрегі тоқтап, миы ісінген.
Прокурор Еркебұлан Шалқаров сотта хабарлағандай, клиникаға жүргізілген жоспардан тыс тексеріс кезінде инспекторлар қызды анестезияға дайындау, кабинеттің жабдықталуы мен медициналық стандарттарды сақтау бойынша өрескел заңбұзушылықтарды анықтаған. Клиникада шұғыл көмек көрсетуге қажетті құралдар жеткіліксіз болған.