Стоматология директоры өзін фотоға және видеоға түсіруге тыйым салған
Астанада ұзақ анестезиядан кейін стоматология креслосында қайтыс болған үш жасар қыздың қазасына қатысты іс қаралып жатыр. Сотта Dent Park Ortho клиникасының директоры Надежда Хоннан жауап алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Надежда Хон ауруына байланысты сотқа келе алмады, сондықтан отырысқа онлайн қатысты.
Директордың айтуынша, ол қайғылы оқиға болған күні жұмысқа сағат 13:38 шамасында келген.
«Сол күні менің жұмысым сағат екіде басталды, мен шамамен 22 минут қалғанда келдім. Киімімді ауыстырғаннан кейін маған пациент оянбай жатыр деп хабарлады. Сағат шамамен 13:45 болатын», – деді Хон.
Прокурор Хоннан пациенттің наркоздан оянбай жатқанын естігеннен кейін қандай шаралар қабылдағанын сұрады.
«Маған пациент оянбай жатқанын айтты, сол сәтте дереу жедел жәрдем шақырдық. Өз басым медициналық немесе реанимациялық көмек көрсеткен жоқпын», – деді клиника директоры.
Сот, сондай-ақ, бұған дейін директор қызметкерлерді қабылдау және босату құзыретіне ие екенін растағанын еске салды.
«Иә, мен 3 қазаннан бастап директор қызметіне кірістім», – деп атап өтті ол.
Прокурор медбике Бушина міндетті маман сертификаты болмаса да жұмысқа қабылданғанын нақтылады.
Клиника директоры оның жұмысқа қабылдануына еш қатысы жоқ екенін айтты.
«Бушинаны мен емес, оның алдындағы директор мен басқарушы директор қабылдаған», – деп жауап берді Хон.
Естеріңізге салайық, Астанада үш жасар қыз ұзақ анестезиядан кейін стоматология креслосында көз жұмған. Баланың әкесі мен отбасы адвокатының айтуынша, егер дәрігерлер стандарттарды сақтап, бір уақытта барлық дерлік тісті емдемесе, қайғылы жағдайдың алдын алуға болар еді.
21 қарашада қыздың әкесі Талғат Құмаров 2024 жылғы 30 қазанда қызына Севоран препаратымен жоспарлы стоматологиялық ем жасалғанын айтты. Алайда қыз анестезиядан кейін оянбаған. Реанимациялық шараларға қарамастан, оны аман алып қалу мүмкін болмады. Баланың жүрегі тоқтап, миы ісінген.
Прокурор Еркебұлан Шалқаров сотта хабарлағандай, клиникаға жүргізілген жоспардан тыс тексеріс кезінде инспекторлар қызды анестезияға дайындау, кабинеттің жабдықталуы мен медициналық стандарттарды сақтау бойынша өрескел заңбұзушылықтарды анықтаған. Клиникада шұғыл көмек көрсетуге қажетті құралдар жеткіліксіз болған.