Түркістан облысында медициналық қолғаптың сапасыздығына шағымданған дәрігерді жұмыстан шығарып жіберді

Автор: Azattyq Rýhy

Ол болған жайтты видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген

Фото ашық дереккөзден

Келес ауданына қарасты Абай атындағы аурухананың хирургы әлеуметтік желіде медициналық қолғаптардың сапасыз екеніне шағымданып, видео таратқан болатын. Осы әрекеті үшін оны жұмыстан шығарып ,  деп хабарлады «Отырар» телеарнасы.

Видеороликте дәрігер Қайрат Сейдуәлиев резина қолғапты қолына киіп көрмек болады, қолғап сол сәтте айырылып жыртылып кетеді. Оның айтуынша, дәрігерлер басшылыққа қорғаныш киімдердің сапасыз екенін айтып шағымданған. Алайда, одан ешқандай өзгеріс болмаған.

Видео әлеуметтік желіде қызу талқыланғаннан кейін хирургты жұмыстан қуып жібергені белгілі болды.

33 жастағы Қайрат Сейдуәлиев осы ауруханаға 8 жыл бұрын «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында жұмысқа орналасыпты. 7 жыл бойы хирургия бөлімшесінің меңгерушісі болған. Алайда, 2020 жылдың ақпанында ауруханаға жаңа басшы тағайындалып, мамандардың соңына шам алып түскен көрінеді. Оның үстіне, мекемеде медициналық құралдардың тапшылығы да пайда болған.

«Бірреттік қолданатын медициналық қолғаптың сапасы өте төмен. Мен соны ғана айттым. Артынша бас дәрігер мен оның орынбасарлары, кадр бөлімінің басшысы, заңгер және өзге де қызметкерлерден тұратын он шақты адам менің сыртымнан хаттама толтырып, жұмыстан шығарып жіберіпті. Мен аспандағы айды сұрап отырған жоқпын, тек пандемия кезінде сапалы медициналық қолғап беріңдер дедім, өзімізді аурудан қорғау үшін. Әділдік қайда?» - деп ашынды хирург Қайрат Сейдуәлиев.

Аурухананың бас дәрігері болса хирургты жұмыстан шығаруға науқастардың шағымы себеп болды дегенді айтады.

«Ауруханада қолғаптар размерімен беріледі және ол оны жақсы біледі. Мейірбикеге айтудың орнына ол видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге салып жіберген. 30 маусымда ол екінші видеосын жүктеді. Оның үстіне, ақпан айында Қайрат Сейдуәлиев сөгіс алған. 30 наурыз күні науқасқа үш сағат бойы ешқандай көмек көрсетпегені үшін үшін үстінен шағым түсті», - дейді Абай атындағы аурухананың бас дәрігері Аида Бексұлтанова.

Ал, жұмыссыз қалған дәрігер енді Президенттің атына шағымданбақшы.