Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа той жасауды кейінге ысыруға кеңес берген болатын
Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин коронавирустық пандемияға байланысты той-жиын өткізуді кемі екі жылға кейінге шегеру керек екенін айтты.
«ДДСҰ пандемияның 2022 жылға дейін созылатынын болжап отыр. Сондай-ақ, ғалымдар, оның ішінде АҚШ ғалымдары вирустың таралу қарқынын ескере келе, COVID-19 алдағы 1,5-2 жылда тынышталмайтынын айтты. Адамдар дәл осылай жаппай ауыра берсе, ешбір елдің денсаулық сақтау саласы шыдас бере алмайды. Егер адамдар тойға, құдайыға барып, ертесіне жұмысқа келе берсе, бәріміз ауырамыз, ешкім, әсіресе балабақшаға баратын балалар қорғалмаған», - деп жазды қоғам қайраткері.
Ол вирусты тасымалдаушы болып есептелетін балаларға алаңдайтынын да айтты.
«Иә, балаларда ауру жеңіл өтеді, бірақ біз бұл коронавирустың кейінгі салдары қандай болатынын білмейміз ғой?! Олар қазір сырттан вирус әкеліп, үйдегі ересектерге, ата-әжелеріне жұқтырып жатыр», - деді А. Саин.