«Декретке 200 млн-мен»: Павлодар облысында жүктілікке қатысты тағы бір алаяқтық әшкереленді (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Шенеунік әйел туысымен бірге 50 жүкті әйелдің атын жамалып, 200 млн теңге тапқан

Фото: скриншот

Қаржы мониторинг агенттігінің Павлодар облысындағы департаменті жүкті әйелдерді тек қағаз жүзінде ғана жұмысқа орналастырып, сол арқылы декреттік демалысқа берілетін ақшаны қалтаға басқан екі әйелді анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық бөлімінің басшысы туысын «іске» араластыра отырып, электрондық цифрлық қолтаңба арқылы әйелдерді жалған жұмысқа орналастырған. Бухгалтер аталған ЭЦҚ-ларды иелерінің рұқсатынсыз пайдаланып, жалған жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтарды, еңбек қатынастары заңды түрде рәсімделгендей көрінетін өзге де құжаттарды дайындаған», - деп хабарлайды ҚМА баспасөз қызметі.

Бұдан өзге, олар бірнеше таныс адам тартып, оларға жүкті әйелдерді табуды тапсырған. Сондай-ақ, әйелдерді алдап, бұндай схема заңды екеніне сендірген.

«Ұсынылған жалған деректер негізінде уәкілетті органдарда жәрдемақылар тағайындалған. Алынған қаражат кейіннен схеманың қатысушылары арасында бөлінген. Нәтижесінде 13 жеке кәсіпкердің атынан 50-ден астам жүкті әйелге 6 млн теңгеге дейін өсірілген жәрдемақылар төленген. Мемлекетке 200 млн теңге залал келген. Сот санкциясымен күдіктілердің 3 автокөлігіне арест қойылды», - деп хабарлайды ҚМА.

Қазір осы іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.