Қазақстанда бес жылда 280 медицина қызметкеріне шабуыл жасалған

Автор: Нұргүл Абай

Алайда шын мәнінде олардың саны әлдеқайда көп, дейді Аймағамбетов

Фото: Azattyq Rýhy

Қазақстанда дәрігерлер мен жедел жәрдем жүргізушілеріне шабуыл жасалғаны үшін жазаны қатаңдату көзделіп отыр. Тиісті заң жобасы Парламент Мәжілісінде бірінші оқылымда қаралып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттар Қылмыстық кодекске құқықбұзушылықтың арнайы объектісін көздейтін жаңа бап енгізуді ұсынды.

«Тек Денсаулық сақтау министрлігінің ресми деректері бойынша, соңғы бес жылда 280 шабуыл тіркелген. Бірақ ашығын айтайық: бұл – айсбергтің тек ұшы ғана. Шынайы санды кемінде 10-ға көбейтуге болады. Медицина қызметкерлері бүгінде, бізге шабуыл туралы көбіне арызданбайды, өйткені олардың қорғау табатынына сенімі жоқ, бұған қоса дәрігерлер жұмыстың орнына тергеумен жүруіне уақыт жоғалтқысы келмейді», - дейді мәжілісмен, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов.

Депутат «AMANAT» партиясы өз бағдарламасында медицина қызметкерінің мәртебесін көтеруге уәде бергенін еске салып, бұл нормалар сайлаушылар алдындағы уәденің орындалуы екенін атап өтті.

«Қылмыстық кодекске жаңа 380-3-бапты енгіземіз. Ол «медицина қызметкері» және «жедел медициналық жәрдем жүргізушісі» деген арнайы субъектіні белгілейді. Скептиктерге бірден жауап берейін: біз жаңа ештеңе ойлап тауып отырған жоқпыз. Қылмыстық кодексті ашып қарасақ, бізде дәл осылай, ерекше мәртебемен ерекше қорғалатын бірқатар мамандық бар. Мысалы, полицейлер, құтқарушылар, арнайы қызмет және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, судьялар мен сот қызметкерлері, прокурорлар, егерьлер мен жануарлар инспекторлары», - деді Аймағамбетов.

Оның айтуынша, егер егерьге шабуыл жасаса, қылмыскер арнайы бап бойынша қазіргі уақытта 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

«Иә, бұл әділетті шешім. Ал егер адамның өмірін арашалап жатқан реаниматолог-дәрігерге шабуыл жасалса, бұл жай ғана даладағы бұзақылық сияқты жалпы негізде тергеледі. Бұл әділетті ма? Жауапкершілік өте жүмсақ. Бұзақы кішігірім айыппұлын төлеп, жайбарақат жүре береді.  Мұнда бір сұрақ туындайды. Сонда мемлекет үшін дәрігердің өмірі мен пациенттердің денсаулығының маңызы осынша төмен бе?», - дейді ол.

Депутаттар адам өмірін құтқаратын ақ халатты жандарға да, дәл егерьлерге берілгендей қорғау мен жауапкершілік тетіктерін енгізуді ұсынып отыр.