Қазақстанда бала туғанда және көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы 2026 жылы неше теңге болады

Автор: Нұргүл Абай

Жәрдемақы мөлшері Жаңа жыл сайын өзгеріп тұрады

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы, бала күтіміне байланысты жәрдемақы және көпбалалы отбасыларға төленетін ай сайынғы төлемдер көбейеді. Жәрдемақылардың нақты мөлшері АЕК-тің жаңа мөлшеріне сәйкес қайта есептеледі. Осыған байланысты қазақстандық отбасылар келесі жылдан бастап қанша жәрдемақы алатынын Azattyq Rýhy материалынан біле аласыздар.

2026 жылға айлық есептік көрсеткіштің мөлшері 4 325 теңге болып бекітіліп отыр.

Бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы

Бұл жәрдемақыға бала туған, оны асырап алған немесе қамқорлығына алған Қазақстан азаматтары, қандастар, сондай-ақ елімізде тұрақты тұратын шетелдіктер өтініш бере алады.

Біржолғы мемлекеттік жәрдемақы жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін әйелдерге төленеді. Жаңа жылдан бастап оның мөлшері:

  • бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК немесе 164 350 теңге;
  • төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК немесе 272 475 теңге.

Ал отбасында егіз, үшем, төртем дүниеге келсе, біржолғы мемлекеттік жәрдемақы әр сәбиге жеке төленеді.

Бала күтіміне байланысты жәрдемақы

Қазір бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы сәби бір жарым жасқа толғанға дейін төленеді. Бұл жәрдемақы балаға қарайтын және міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспаған, яғни жұмыс істемейтін әйелдер мен ерлерге тағайындалады. Мұндай төлем отбасының әлеуметтік тұрғыдан қорғалуы үшін және ата-ананың алғашқы кезеңде бала күтіміне көңіл бөлуіне мүмкіндік беру мақсатында беріледі. 2026 жылы ай сайынғы жәрдемақының мөлшері:

  • бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 24 912 теңге;
  • екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 29 453 теңге;
  • үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 33 951 теңге;
  • төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 38 493 теңге.

Ал декретке дейін жұмыс істеген әйелдердің бала күтіміне байланысты ай сайынғы әлеуметтік төлемі бөлек есептеледі. Егер әйел ресми түрде жұмыс істеп, екі жыл бойы әлеуметтік аударымдар төлеп келсе, онда босанғаннан кейін оған бала күтіміне байланысты ай сайынғы әлеуметтік төлем тағайындалады. Оның мөлшері орташа айлық табыстың 40 пайызын құрайды. Мысалы, орташа айлық табыс 200 мың теңге болса, бала бір жарым жасқа толғанға дейін ай сайын 80 мың теңге төленеді.

Егер егіз немесе үшем дүниеге келсе, төлем әр балаға бөлек тағайындалады.

Сондай-ақ, жұмыс істейтін аналарға жүктілікке, босануға немесе жаңа туған баланы асырап алуға байланысты декреттік төлем тағайындалады. Оның мөлшері соңғы 12 айда МӘСҚ-ға аударылған әлеуметтік аударымдар негізінде есептелген орташа айлық табысқа байланысты болады.

Көпбалалы отбасылардың жәрдемақысы

Мемлекеттік жәрдемақының бұл түрі кәмелетке толмаған 4 және одан көп, немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа толмаған студент балалары бар көпбалалы отбасыларға төленеді. Жәрдемақыны тағайындаған кезде көпбалалы отбасылардың ай сайынғы кірісі есепке алынбайды.

2026 жылы оның мөлшері:

  • 4 балаға – 16,03 АЕК немесе 69 330 теңге;
  • 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 86 673 теңге;
  • 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 104 016 теңге;
  • 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 121 360 теңге;
  • 8 және одан көп баласы бар отбасыларға – 32,06 АЕК немесе 138 660 теңге және одан кейінгі әр бала үшін 4 АЕК немесе 17 300 теңгеден.

«Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлері

Келер жылы наградталған аналарға берілетін ай сайынғы жәрдемақы да артады.

2026 жылы «Алтын алқа» немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға 7,4 АЕК немесе 32 005 теңге төленеді. Ал «Күміс алқа» иегерлеріне 6,4 АЕК немесе 27 680 теңге жәрдемақы беріледі.

Марапатталған аналарға жәрдемақы ай сайын бюджет есебінен төленеді.