ҚХП Қазақстанда әлеуметтік әділдік орнатуға күш салмақ

Автор: Azattyq Rýhy

Партия өкілдері Павлодарда үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді

25 желтоқсанда Қазақстан Халық партиясынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат Гауһар Нұғманова «ҚТЖ» ҰК» АҚ Павлодар бөлімшесінің ұжымымен кездесті. Ол сайлауалды бағдарламаның негізгі тезистерін түсіндіріп, зейнетақы жүйесін реформалау мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Г.Нұғманованың пікірінше, ҚХП Қазақстандағы әлеуметтік әділдіктің орнауы үшін бар күшін салмақ.

«Елдегі азаматтардың зейнеткерлік жасын 60 жасқа дейін төмендету қажет. Қазіргі зейнетақы жүйесі ашық емес әрі әділетсіз. ҚХП осы бағытта күрес жүргізеді. Біздің мақсатымыз – әлеуметтік әділетті мемлекет құру. Біз азаматтарды мемлекет тарапынан сапалы әрі жан-жақты қорғауды қамтамасыз етуге тиіспіз. Әлеуметтік кепілдіктер мен төлемдердің әділ жүйесін қалыптастыру маңызды. Біз жастар үшін тең мүмкіндіктер және азаматтарымыздың лайықты қартаюы үшін жағдайлар жасаймыз», – деді Гауһар Нұғманова.

Айта кетейік, Гауһар Нұғманова жергілікті тұрғындармен де кездесті. Онда азаматтарды әлеуметтік қолдау, жер мәселесі, халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

«Мемлекет барлық санаттағы азаматтарды қолдау үшін нақты жүйелі іс-қимыл жасауы тиіс. Біздің партия тиімсіз мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды қысқартуды қолдайды. Сондықтан мемлекеттік аппаратқа реформа жүргізіп, шенеуніктер санын қысқарту маңызды. ҚХП жер ресурстарына мемлекеттік меншікті сақтауды қолдайды және оларды тиімді пайдалануға шақырады. Біз жерді шетелдіктерге сатуға қарсымыз», – деп нақтылады Гауһар Нұғманова.

Оның айтуынша, ҚХП карантин енгізілгенге дейін үнемі салық төлеген, бірақ шектеу шараларының салдарынан қиын жағдайға тап болған жеке және заңды тұлғаларға несие рақымшылығын жасауды жақтайды.

Кандидаттың павлодарлықтармен кездесуі Қазақстан Халық партиясының сайлауалды үгіт-насихат науқаны аясында ұйымдастырылды.