«Ауылдарды қайта қалпына келтірудің арнайы бағдарламасын қабылдау қажет» - «Ауыл» партиясы

Автор: Azattyq Rýhy

Партия өкілдері  Шарбақты ауданы Орловка кентінің тұрғындарымен кездесті

«Ауылдан ауылға» үгіт-насихат науқаны шеңберінде ҚР Парламенті Мәжілісінің, Павлодар облыстық және аудандық мәслихаттарына депутаттыққа «Ауыл» партиясынан кандидаттар Н.Арсютин, Е.Тоқтушаков, Б.Аманжолов, К. Шапуов, Н. Жүсіпова, Д. Қасенов, В.Поляков, Д. Нұрсейітов, Ф. Лохашева Шарбақты ауданы Орловка кентінің тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Ауылдықтардың» көшпелі тобын партиядағы әріптестері – филиал төрағасы Е.Байқұрманов және қолдау лигасы штабының басшысы А. Батыршаев бастап барды. Н.Арсютиннің айтуынша, «Орловка» кентін үлгілі ауыл ретінде қабылдауға болады. Онда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі есебінен ауыл тұрғындарын толғандыратын барлық проблемалар – сапалы ауыз су, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым, табыс деңгейі және т. б. шешімін тапқан. Өз сөзінде кандидат облыста мұндай ауылдар өте аз екенін атап өтті. Көп жағдайда проблемалық ауылдар кездеседі. «Ауыл» партиясы ондағы жағдайды үнемі қадағалап отырады. 

Н.Арсютин 2003 жылға дейін Қазақстанда 7660 ауылдық елдімекен бар болса, қазіргі уақытта олардың 6322 қалған. Яғни, 17 жыл ішінде жер бетінен 1328 ауыл немесе жыл сайын 100 ауыл «жойылды» деген сөз. Бұл процесс жалғасуда.

«Өкінішке қарай, шенеуніктер ауылдардың нақты проблемаларын шешудің және сол арқылы деградация процесін тоқтатудың орнына, билікке олардың болашағы жоқ  деп «хабарлап», ауылдарды жабуға ұсыныс жасаған. Қазірдің өзінде қара тізімде 3000-нан астам елдімекен тұр. Біз мұны зиянкестік деп санаймыз», – деп қорытындылады Н.Арсютин.

Партия мүшелері атап өткендей, жағдайдан шығудың жолы - ауылдарды қайта қалпына келтірудің арнайы бағдарламасын қабылдау. Оның аясында салық заңнамасына ауыл әкімінің бюджетіне тікелей түсетін салық түрлерін кеңейту бөлігінде бірқатар түзетулер енгізу қажет. Қазіргі уақытта ауыл әкімдері өз қалауы бойынша мүліктік салықтарды пайдалана алады, алайда бұл қаражат инфрақұрылымды жақсартумен байыпты айналысу үшін жеткіліксіз. Мәселен, ауылішілік жолдарды ағымды жөндеу жұмыстарына орта есеппен 30 млн-нан астам теңге қажет болады, ал мүліктік салықтардың жиынтық жылдық көлемі ауылдық бюджеттің шығыс бөлігінің қажеттілігінен 10% - ына да жетпейді.

Облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Е.Тоқтышақовтың пікірінше, тиімсіз бағдарламаларды қысқарту есебінен ауылдарды дамыту үшін белгілі бір резервтерді облыстық бюджеттерден табуға болады. 

Кездесуден кейін үгіт-насихат тобы «Победа» ЖШС-не барды. Бұл - өндірістік қуаттылығы тәулігіне 23 тонна өнім шығаратын заманауи сүт-тауар фермасы. Кәсіпорында 400-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 1000-нан астам сауын сиыры бар.

Кездесу барысында кәсіпорын басшысы Владимир Поляков кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі ауыл инфрақұрылымын дамытуға ықпал ететінін атап өтті. Мысалы, «Победа» ЖШС көп жылдар бойы өз қаражаты есебінен жолды жөндеуден өткізеді, ауылдың әлеуметтік нысандарын қолдайды. Өз кезегінде, мемлекет ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің проблемалық мәселелерін шешуде барынша жәрдем көрсетуі тиіс. Бұл - ұзақ және арзандатылған несиелер беру, жанар-жағар май мен жемшөпті субсидиялау.

Н.Арсютин «Победа» ЖШС басшысының сөзіне қолдау білдіріп, мұндай бастамалар партияның сайлауалды тұғырнамасында көрініс тапқанын айтты.