ҚХП: Жастарды баспанамен қамтуға басымдық берілуі керек
Кандидаттар тұрғындармен кездесулер өткізіп жүр
Қазақстан Халық партиясының атынан Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар сайлау алдындағы үгіт-насихат науқаны аясында азаматтармен кездесулер өткізуді жалғастыруда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
22 желтоқсанда ҚХП атынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар Ирина Смирнова мен Жамбыл Ахметбеков Өскемен қаласындағы Қаржы-экономикалық колледждің ұжымымен және оқушыларымен кездесу өткізді. Күн тәртібіне жас отбасыларды қолжетімді ипотекамен қолдау мәселесі қойылды.
Спикерлердің пікірінше, қазір мемлекет жастардың дамып, жетілуі үшін олардың барлық әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешіп, тұрғын үймен қамтамасыз етуі керек.
Ирина Смирнова Қазақстандағы жастардың үлесі халықтың едәуір бөлігін құрап отырғанын айтты.
«Соңғы ресми мәліметтерге сәйкес, елдегі 15 пен 34 жас аралығындағы жастардың саны 5 миллионнан асады және осыншама мөлшерде 14 жасқа дейінгі балалар бар. Үкіметтің алдында жас қазақстандықтарға білім алуға, жұмыс орнын табуға және жеке тұрғын үй сатып алуға көмектесу міндеті тұр», – деді Ирина Смирнова.
Төменгі палата депутаттығына кандидаттар қазіргі жастардың негізгі екі проблемасы бар екенін атап өтті. Олар – жұмысқа орналасу және жеке тұрғын үймен қамтамасыз ету.
«Біз азаматтардың барлық санаты үшін, оның ішінде жастар мен жас отбасылар үшін жыл сайын жеңілдетілген тұрғын үй салуға заңнамалық кепілдік берілген квоталарды бекіту қажет деп санаймыз. Қазақстан Халық партиясы еліміздің барлық мұқтаж азаматына лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету үшін мемлекетіміздің жеткілікті ресурстарға ие екендігіне сенімді», – деді Жамбыл Ахметбеков.
Кездесу спикерлері Қазақстандағы қолданыстағы тұрғын үй бағдарламалары жастар үшін қолжетімсіз екенін, оларды жастар мен жас отбасылардың пайдасына қарай өзгерту қажет екенін еске салды.