«Nur Otan» партиясының Республикалық сайлауалды штабы Қызылорда облысына келді. Олар білім және денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен, ауыл шаруашылық кәсіпорындарының ұжымымен, жастармен және басқа да азаматтармен жүздесіп, ұзын саны 15-ке жуық кездесу өткізді.
Сонымен, өңірдегі кәсіпкер әйелдермен кездесу барысында билеуші партияның таяудағы 5 жылға арналған сайлауалды бастамалары әңгіме арқауына айналды.
«Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша атқарушы, өкілді, сот органдары мен квазимемлекеттік секторда басшылықтағы әйелдердің үлесін 30%-ке дейін ұлғайтуды ниет етіп отырмыз. Сонымен қатар Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығын құру, әйелдерді жеңілдетілген несиемен және гранттармен қамтамасыз ету секілді істер де жоспарланып жатыр», - деп атап өтті Республикалық сайлауалды штаб жетекшісі Бауыржан Байбек.
Оның айтуынша, еліміздің өңірлері, қалалары мен аудандары бойынша жұмыспен қамту, базалық әлеуметтік қызметтер мен әртүрлі мемлекеттік қолдау шараларына қолжетімділік мәселелерін қамтитын Гендерлік қажеттіліктер картасы әзірленеді.
Жалпы, жеке бизнесін ашу үшін 50 мың азаматқа шағын несие беріледі, оның ішінде жалпы сомасы 250 млрд. теңге болатын несие 42 мың ауылдық азаматқа бағытталады.
Үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездесуде елдегі демократияның өрістеуіне жол ашатын жауапты азаматтық қоғамды дамыту мәселелері көтеріліп, осы бағыттағы бірқатар ойлар ортаға салынды.
Партия баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Nur Otan» «Жауапты азамат – жауапты қоғам – жауапты мемлекет» формуласы бойынша жалпыға ортақ жауапкершілік тұжырымдамасын ұсынып отыр.
Осыған байланысты нұротандықтар елдегі өзекті мәселелерді бірлесе шешу мен мемлекетті дамыту ісіне азаматтық белсенділерді қарқынды түрде араластыруды жоспарлауда.
Бұл жұмыстар жүйелі жүруі үшін Жергілікті өзін-өзі басқару тұжырымдамасы әзірленетін болады. Аталған құжатта ауыл әкімдерін тікелей сайлау, олардың сайлаушылар алдындағы есептілігі, «халық қатысатын» бюджетті ендіру, жергілікті салық пен төлемдер ставкаларын өзгерту құқығы, жергілікті өзін-өзі басқаруды азаматтық қадағалау және тағы да басқа мәселелер қамтылады.
«Біз елімізде саяси диалог жасау мәдениетін жүйелі түрде дамытатын боламыз. Бұл үшін «Қоғамдық бақылау туралы» Заң қабылдау жоспарлануда. Бұл заңда қоғамдық сараптама жүргізу мен бақылау тәртібі, азаматтық бастамалар мен онлайн-петицияларға жол ашу секілді тетіктер көзделеді», - деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.
Партия азаматтық қоғаммен бірлесе отырып, экологиялық мәселелерді шешу, табиғатқа аялай қарау мәдениетін күшейту жайына жіті мән беріп, оған маңызды міндеттерінің бірі ретінде басымдық беріп отыр.
Жалпы, өңір халқымен кездесуде ауыз сумен қамтамасыз ету, тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсету, аграрлық саланы дамыту жайы да көтеріліп, жан-жақты талқыланды.
Осы жайттар ескеріле отырып, «Nur Otan»-ның өңірлік сайлауалды бағдарламасы аясында 20-дан астам елді мекеннің 7 мыңдай тұрғынын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, жаңадан 27 денсаулық сақтау нысанын салу, облыста 67 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Өңірдің тұрмыс-тіршілігінде ерекше маңызы бар Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау жобасын іске асыру да ары қарай өз жалғасын табады.