Партия өкілдері ерекше балаларға арналған «Спина бифида» қорының басшыларымен кездесті
Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Халық партиясы атынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар Олжас Сыздықов пен Ислам Сұңқар ерекше балаларға арналған «Спина бифида» қорының басшыларымен, ата-аналармен кездесу өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Кездесу барысында Zoom-бейнеконференциясына қосылу мүмкіндігі қарастырылды. Кездесуде ата-аналар арқа бифида ауруы, медициналық қызмет көрсету сапасы және әлеуметтік кепілдікке қатысты мәселелерді көтерді.
Диалог кезінде Қазақстан Халық партиясының сайлауалды платформасы ұсынылды. Онда Қазақстан Республикасының әрбір азаматын қолжетімді және сапалы медицинамен қамтуға бірінші кезекте басымдық берілген.
«Денсаулық сақтау жүйесі көп жағдайда дәрменсіздік танытады. Мұны емханаға немесе ауруханаға жүгінген әрбір қазақстандық жақсы біледі. Инновациялардың бақылаусыз енгізілуі жылдар бойы жинақталған артықшылықтардың жоғалуына алып келді. Медицинаға жұмсалатын шығынды жедел түрде арттырып, міндетті медициналық тексерудің және азаматтарды емдеудің кепілді көлемін ұлғайту керек. Мемлекет ауыр науқастарды емдеуге арналған барлық шығыстарды өтеуге тиіс», – деді Олжас Сыздықов.
Ислам Сұңқардың айтуынша, мемлекет әрбір адамның денсаулығына мән беруі керек. Алайда олардың есебінен пайда табуға жол берілмеуі керек.
«Әлеуметтік сақтандыру қорының қаржысын емханалар мен аруханаларды жаңғыртуға жұмсау керек. Медициналық мекемелерді технологиялық тұрғыдан қайта жабдықтау қажет. Бұл ретте медициналық персоналдың құзыретін арттыру да маңызды. Жалған дәрі-дәрмектерді сатқандар үшін қылмыстық жазаны қатаңдату керек», – деді Ислам Сұңқар.
Кездесу барысында спикерлер ҚХП сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын түсіндірді. Партияның бастамалары әлеуметтік мемлекет құруға, Қазақстан азаматтарының мүдделері мен құқықтарын қорғауға бағытталған. Іс-шара сайлауалды үгіт-насихат науқаны аясында ұйымдастырылады.