Рабиға Токсеитова «Жәке» қызметкерлерін партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырды
12 желтоқсан күні ҚР Парламент Мәжілісіне «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан кандидат Рабиға Токсеитова Үштөбе ауылында орналасқан «Жәке» шаруа қожалығының ұжымымен кездесті.
Рабиға Токсеитова «Жәке» қызметкерлерін «Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, агроөнеркәсіптік кешенге арналған бөлімді егжей-тегжейлі түсіндірді. Азық-түлік қауіпсіздігі және арнайы заң қабылдау қажеттілігі талқыланды.
Кандидат «Ауыл» партиясы АӨК субъектілерін қосылған құн салығынан толық босатуды қолдайтынын айтты. Олардың ішінде азық-түлік тауарлары мен ауылшаруашылық шикізаттарын сатумен, экспорттаумен және импорттаумен айналысатын кәсіпкерлер де бар. Тек осылай ғана азық-түліктің физикалық және экономикалық қолжетімділігі қамтамасыз етіледі.
Құрамында ГМО бар тамақ өнімдерін өндіру мен өткізуге тыйым салу және Қазақстанға әкелінетін тамақ өнімдерінің құрамын тексеру жөніндегі зертхана құру жөнінде шаралар кешенін қабылдау қажет. «Жәке» шаруа қожалығының қызметкерлері мал бордақылау кешені экологиялық таза ет өндіруге мүдделі екенін және өскелең ұрпақтың денсаулығын сақтауды әрдайым қолдайтынын атап өтті.
Сондай-ақ, «Жәке» ШҚ қызметкерлері отандық аналогтары бар импорттық өнімді Мемлекеттік сатып алуға тыйым салуды енгізуді қолдады. Бордақылау кешенінің басшысы Ж.Х. Азыхановтың айтуынша, мемлекеттік ұйымдар импорттық етті төмен бағадан сатып алады. Соның салдарынан отандық өндірушілер тұрақты өткізу нарықтарына қол жеткізе алмай отыр.
Аграрлық реформалардың негізгі бағыттарын таныстыра отырып, Рабиға Токсеитова «Ауыл» партиясының субсидиялау жүйесін қайта қарау жөніндегі ұсыныстарын жан-жақты түсіндірді. Қазіргі уақытта субсидиялардың көптеген түрі бар және олардың тетіктері де күрделі. Мұның бәрі шаруаларды шатастырып, әкімшілік процесті қиындатады. Партия заңнамалық деңгейде барынша ашық және қажетті субсидияларды қысқартуды ұсынады. Кандидат бюджет қаражатының үнемделген бөлігін оңтайландырудан кейін қалған дотация түрлеріне міндетті түрде жіберуді ұсынады. Бұдан басқа, несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді 2-4 пайызға дейін төмендету және жанар-жағармай материалдары мен жемшөп құнын едәуір арзандату проблемасы бар.
Түстен кейін Рабиға Токсеитова облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Анар Тұрмахамбетовамен бірге өңірдің көпбалалы аналарымен кездесті. «Ауыл» партиясының өкілдері көпбалалы аналардың барлық тілектерін тыңдап, сайлауалды бағдарламада ұсынылған әлеуметтік теңдікті қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы айтып берді. Олар отбасындағы балалар санына қарамастан 18 жасқа дейінгі әрбір балаға жәрдемақы төле, 3 баласы бар аналарға «көпбалалы ана» мәртебесін беру және олар үшін зейнетке шығу шегін 53 жасқа дейін төмендету қажеттігін айтты.