Президенттер өзекті мәселелер бойынша ұстанымдары ортақ екенін тағы да растады
Тоқаев Өзбекстанға жұмыс сапары барысында екі ел арасындағы білім мен ғылым саласындағы бірлескен жұмыс перспективаларына тоқталды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мәдениет күндерін алма-кезек өткізу, шығармашылық өкілдерінің байланысын жолға қою, көрнекті тұлғаларға ескерткіштер ашу – мұның барлығы бауырлас халықтар үшін өте қажет дүниелер. Білім мен ғылым саласындағы бірлескен жұмыс перспективасы, жастар арасында қарым-қатынас орнату мәселелері де талқыланды. Күні кеше Қазақстан мен Өзбекстан жастарының кезекті конгресі өтті. Бұл бағыттағы айтарлықтай ілгерілеудің жарқын үлгісі ретінде былтыр екі елдің жоғары оқу орындарының филиалдары ашылды. Біз университеттер арасындағы ықпалдастықты нығайтуды, академиялық алмасу бағдарламаларын көбейтуді, бірлескен ғылыми форумдар мен тағылымдама өткізуді көздейміз. Қазіргі уақытта Өзбекстанның бай мәдени-тарихи мұраларына қазақ туристерінің зор қызығушылығы байқалады. Былтыр олардың саны үш миллионға жетті. Бұл саланың әлеуетін аша түсу үшін үкіметтерімізге бірлескен туристік жобаларды дамыту жұмыстарын жалғастыруды тапсырдық», – деді ол.
Келіссөздер барысында президенттер өңірлік және жаһандық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша ұстанымдары ортақ екенін тағы да растаған.
«Орталық Азияның тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән бердік. Өңірдің орнықты дамуы – барлық бауырлас халықтардың түпкі мүдделеріне сай келетін ортақ мақсатымыз. Ертең біз Орталық Азия мемлекеттері басшыларының 7-ші консультативтік кездесуіне қатысамыз. Қазақстан барлық деңгейде тығыз байланыс орнатып, ынтымақтастықтың жаңа тетіктерін енгізген өзбек тарапының төрағалығын жоғары бағалайды. Консультативтік кездесулер форматының нормативтік-құқықтық және институционалдық негізін нығайтуға бағытталған маңызды құжаттар қабылданды. Ертеңгі Саммит біздің сан қырлы ықпалдастығымызды дамытуда тағы бір маңызды кезең болатынына сенімдімін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөз соңында Мемлекет басшысы келіссөздер қорытындысына көңілі толатынын жеткізіп, Президент Шавкат Мирзиёевке айрықша қонақжай көңілі үшін ризашылығын білдірді.
Ал Шавкат Мирзиёев бүгінгі келіссөздер екіжақты ықпалдастықтың кең көлемді бағыттарын нығайтуда маңызды рөл атқаратынын жеткізді.
«Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бұл сапары екі ел арасындағы одақтастық қатынастардың деңгейі жоғары екенін тағы да растады. Аталған сапар біздің көпжоспарлы ынтымақтастығымыздың жаңа тарихындағы айтулы оқиғаға айналды және байланыстарымызды арттыруға тың серпін берді. Қол жеткізілген уағдаластықтар мен келісімдер серіктестігімізді нақты мазмұнмен толықтырып, бірлескен жобалардың көкжиегін кеңейтіп, бауырлас екі елдің дамуына берік негіз қалайды», – деді ол.