«Парасатты президентіңіз бар»: Трамп Қазақстанға келуі мүмкін

Автор: Алмас Ерсін

Ол біздің еліміздің табиғи ресурсқа бай екенін атап өтті

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Қазақстан мен АҚШ жалпы құны 17 миллиард долларды құрайтын келісімдер жасады. Бұл туралы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен АҚШ президенті Дональд Трамптың кездесуі кезінде белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.

АҚШ басшысына «серіктестіктің қай саласы маңызды, Қазақстанға қонақ болу жоспарыңызда бар ма?» деген сауал қойылды.

«Бұл әбден мүмкін (Қазақстанға сапармен келу – ред). Барлық сала өте маңызды деп санаймын. Бір жылдан кейін не болатынын білмейміз. Сіздің еліңіз табиғи ресурсқа бай, сондай-ақ парасатты Президентіңіз бар», - деп жауап берді АҚШ президенті Дональд Трамп.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ақорданың баспасөз қызметі Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен АҚШ президенті Дональд Трамптың Ақ үйдегі кездесуінің нәтижелерін жариялады.

Мемлекет басшысы Қазақстан АҚШ президентінің бітімгерлік бастамаларын толық қолдайтынын жеткізді. Соның ішінде келешекте Орта дәлізді одан әрі дамытуға ықпал ететін «Трамптың халықаралық бейбітшілік және өркендеу жолына» (TRIPP) ерекше назар аударды. Дональд Трамп АҚШ-тың Қазақстанмен көпжоспарлы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті дамытуға ниетті екенін растады.

Сапар аясында Қазақстан мен Құрама Штаттары арасында жалпы сомасы 17 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылды.