Сенат депутаттығына үміткерлерге бюджеттен 450 мың теңге беріледі
Бұл қаражат үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге жұмсалады
Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы Парламент Сенаты депутаттығына үміткерлердің сайлауға қажетті шығын көлемін бекітті. Бұл туралы онлайн-брифингте ОСК хатшысы Сабила Мұстафина айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Оның айтуынша, республикалық бюджеттен өтелетін шығын көлемі 450 мың теңге деп белгіленген.
«Оның ішінде телеарна мен радиоға шығу, мерзімді басылымда екі мақала жариялауға 300 мың теңге қарастырылған. Үгіт-насихат материалдарын шығаруға 70 мың теңге, көлік шығындарына 80 мың теңге бөлінеді», - деді Сабила Мұстафина.
ОСК хатшысы үміткерлердің сайлау қоры туралы да айтты. Оның айтуынша, кандидаттардың сайлауалды кезеңде пайдаланатын жеке қаражаты 8,5 млн теңгеден аспауы керек. Сонымен қатар азаматтар мен ұйымдар да үміткерге өз еркімен қаражат жинап бере алады. Бұл көрсеткіш заң бойынша 21 млн 250 мың теңгеден аспауы керек.