Депутат бұған қатысты ойын өзінің авторлық бағдарламасында айтқан
Әділдік, теңдік және адам құқықтарын қорғау – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саясатының басты қағидаттары. Осы құндылықтарды жүзеге асыруда Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата маңызды рөл атқарып келеді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Марат Башимов 24kz арнасындағы өзінің авторлық бағдарламасында айтты, деп жазады Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, Қоғамдық палата – заң шығару үдерісінде қоғам пікірін ескеруге мүмкіндік беретін тиімді қоғамдық институт.
«Бұл – халық пен билік арасындағы ашық диалог алаңы. Оның жұмысы – Президент реформаларының табысты жүзеге асуының нақты көрінісі», – деді Марат Башимов.
Мемлекет басшысы атап өткендей, барлық пікірталас көшеде емес, Парламент қабырғасында өрбуі керек, дейді депутат. Осы бағытта Қоғамдық палата өз миссиясын орындап, азаматтық қоғам мен билік арасындағы өзара сенімді нығайтып келеді.
Марат Башимов Қоғамдық палатаның цифрлық трансформация мен жасанды интеллектті дамыту бойынша да белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын айтты.
«Жуырда жасанды интеллект туралы заң қабылданды, парламенттік тыңдалым өтті. Енді Цифрлық кодекс әзірленіп жатыр. Осы процестің бәріне Қоғамдық палата сарапшылары белсене қатысып жатыр», – деді депутат.
Сонымен қатар, палата Парламент пен сарапшылар қоғамдастығы арасындағы байланысты күшейтті. Депутаттар палата мүшелерінің ұсыныстарына ерекше назар аударып, көптеген заңнамалық бастамалар сол ұсыныстар негізінде қабылданып отыр.
2022 жылы құрылғаннан бері Қоғамдық палатада жүздеген ашық талқылау өтіп, онда маңызды заңдарға түзетулер енгізілді. Өңірлерде көшпелі отырыстар ұйымдастырылып, жергілікті өзін-өзі басқару, денсаулық сақтау, сайланған әкімдердің жұмысы, электрсамокат пен кальянды реттеу, онлайн-курстар мен коучинг нарығы сияқты өзекті мәселелер қаралды.
Марат Башимов кейбір түйткілдерді мысалдармен түсіндіріп, заңдардың тиімді орындалуы қоғам сенімін арттырудың басты шарты екенін атап өтті.
«Заң бар, бірақ орындалмайды. Бұл қоғамның заңға деген сенімін әлсіретеді. Сондықтан Қоғамдық палата тек заңдарды талқылап қана қоймай, олардың тиімділігін арттыру тетіктерін де ұсынуы қажет», – деді ол.
Алдағы уақытта Қоғамдық палата бизнес саласындағы заңнамаларды жетілдіру, демографиялық үрдістерді зерттеу және саяси реформалар бойынша қоғамдық пікірталас ұйымдастыру сияқты ауқымды бағыттарға назар аудармақ.