12 млн еуро жұмсалған. Әлемдік БАҚ Мәскеуде өткен шеруді сынға алды

Автор: Azattyq Rýhy

Маскасыз өткен шеру

Әлем елдері пандемиямен күресіп жатқанда, дүйім жұртты жинап, шеру өткізген Ресейдің әрекетін батыс елдері сынға алды. Жеңістің 75 жылдығына арналған әсери шеру әу баста 9 мамырға жоспарланып, індеттің таралуы тоқтамаған соң кейінге шегерілген еді. Ресей коронавирустың таралуы бойынша  әлемде  3-орында тұр. «Қызыл алаңда» өткен   мемлекеттік  іс-шараны бірнеше елдің президенттері, белді тұлғалар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен әскери қызметкерлер тамашалады.

«The New York Times» газеті «Коронавирустың қарқынына қарамастан, Ресей маскасыз шеру өткізді» деген тақырыппен мақала жариялады.

«Ресейдің коронавирусқа қарсы шайқасының бітпегеніне қарамастан, президент Владимир Путин сәрсенбіде нацистік Германияға қарсы соғыстағы өз елінің 75 жылдық жеңісін Қызыл алаңда үлкен әскери шерумен атап өтті. Мыңдаған әскерлердің арасында арақашықтық сақталмағанымен қоймай, ешбірінде медициналық маска болмады», - деп жазылған мақалада.

Елде пандемия әлі де өршіп тұр. Барлығы 600 мыңға жуық науқас тіркелген. «Қызыл Армия фашизмнен қорғай алмаған жағдайда әлемге не боларын елестету мүмкін емес», деген Ресей президентінің сөзін келтірген басылым оның баяндамасын тыңдауға қатысқан өзге мемлекет басшыларының көп еместігіне  тоқталады. Сонымен қатар шеруге Қытай мен Үндістан әскерінің де қатысу себебін назардан тыс қалдырмаған.

«Қытай мен Үндістан шекаралас аймақтағы армиялары арасындағы соңғы қақтығыстардан кейін Ресейдің қолдауына үміт артып, шеруге жоғары лауазымды тұлғалары мен әскерлерін аттандырды. Қытай шеруге ең көп контигентті жіберді. Әскери шеру сейсенбі күні Мәскеу уақытымен түн ортасында Тынық мұхитындағы Камчаткада басталған. Негізгі шеру Мәскеуде аяқталған кезде, Гитлерді жеңгеннен кейін Кеңес Одағы басып алған Шығыс Пруссия деп аталатын Германияның бұрынғы территориясы - Калининградта әскерилер сап түзей бастады», - деп тарқатады  басылым.

Кремль сыншылары шеру  Путиннің беделін арттырып, билікте ұзақ уақытқа  қалу үшін ұйымдастырылды деген пікірде.

«Ресейдің әскери қуатының басты назарына өзін қоюға асық және оның болашағы үшін маңызды жалпыұлттық дауыс беру алдында қолдау тапқысы келіп, қоғамдық денсаулыққа зиян келтірді.  Бейсенбі күні Путиннің билікте 2036 жылға дейін қалуына мүмкіндік беретін дауыс беру басталады», - деп мемлекет басшысының бұл әрекетін саясаттың бір құралы ретінде бағалады.

Германияның «Бильд» газеті «Мәскеудегі шоу: Путин мақтанған шеру» атты материал жариялаған.

«Кремль басшысы Путин мен әскери басшылық бұл спектакльді өткізуді о бастан-ақ қалаған болатын. Олар үшін парад ең алдымен Еуропаны гитлерлік фашизмнен азат ету жолындағы құрбандардың ерлігін бағалау үшін қызмет еткенін атап өтті», - деген неміс баспасөзі.

Одан бөлек, басылым шерудің экономикалық шығыны Ресейге аса қымбатқа түскенін де жазған.

«Әскери шеру Ресейдегі даулы тақырып болып табылады, себебі, оның құны 925 миллион рубльді (шамамен 12 миллион еуро) құрайды. Ресей қазіргі таңда ауыр экономикалық дағдарыста. Сыншылар бұл ақшаны мұқтаждарға қалдыруды ұсынған болатын», - деп жазылған мақалада.

Ал Ұлыбританияның «The Gurdian» газеті «Ресей коронавирусты жұқтыру жағдайларының өсуіне қарамастан, Жеңіс күніне орай, кейінге қалдырылған әскери шеруді өткізді» деген тақырыпта фоторепортаж ұсынды.

Дина Барат, Әмірболат Құсайынұлы, Алматы