Моңғолияның Парламент сайлауында үш қазақ жеңіске жетті

Автор: Azattyq Rýhy

Сайлауға халықтың 75%-ы қатысқан

Моңғолияның Ұлы Хуралына үш этникалық қазақ депутат болып сайланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Оның екеуі Моңғол халық партиясының (Монгол Aрдын нам) атынан додаға түсіп, Парламент сайлауында жеңіске жеткен. 

Бұған дейін Құрылыс министрі болған Бәделхан Қабдісіләмұлы Баян-Өлгей аймағында тұратын қазақтардың 23 379 дауысын жинаған. Кәсіпкер Әубәкір Тілеуханұлына 22 662 сайлаушы сенім артқан. Үшінші мандатты Демократиялық партияның (Ардчилсан нам) атынан сайлауға түскен Бейсен Бұланұлы иемденді. Ұзақ жыл медицина саласында қызмет атқарған дәрігерге 22 448 адам өз дауыстарын берген.   

«Моңғол халық партиясының  атынан тағы төрт жыл елді басқаратын болдық. Құрылыс министрі болған  Бәделхан Қабдісіләмұлы мен Әубәкір Тілеуханұлы халық партиясының атынан сайлауға түсіп, жеңіске жетті. Баян-Өлгейдің әкімі де сайлауға түскен, ол құлап (сайлауда жеңілді - ред) қалды. Дауыс беру тоқтаған соң 24 сағат ішінде ОСК ресми тізімді жариялайды. Бір аптаның ішінде сайланушылар ант қабылдап, жұмыстарына кіріседі. Қазіргі үкімет тарап, қайтадан жасақталады. Жаңа үкіметтің құрамына да қазақ азаматтарын шығару жоспарда бар. Сайлауға бүкіл халықтың 75%-ы қатысса, Баян-Өлгей аймағы бойынша халықтың 82%-дан  астамы өз таңдауларын жасады», - деді Баян-Өлгей аймағы Азаматтар өкілеті құрылтайының төрағасы  Бауыржан Дәлейұлы.

Ұлы Хурал деп аталатын парламент 76 мандаттан тұрады. Оның 62 мандатын  Моңғол халық партиясының өкілдері иеленген. Парламентке жаңадан баратын үш  саясаткер алдағы төрт жылда Баян-Өлгий халқының мүддесін мемлекеттік деңгейде қорғаулары тиіс.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы