Жұманғарин Қазақстан мен Ресей шекарасындағы көлік кептелісі мәселесін комиссияға шығарды

Автор: Бақыт Шынар

Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады

Фото: үкімет

Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мемлекеттік органдар мен шекара қызметі басшыларының қатысуымен жедел кеңес өткізді. Жиында Ресей Федерациясына кіретін өткізу бекеттерінде жүк көліктерінің ұзақ тұрып қалуы және Ресейдің көші-қон заңнамасындағы жаңа талаптар салдарынан туындаған мәселелер талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып. 

2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Ресейде жаңа көші-қон нормалары күшіне енді. Енді шетелдік азаматтар — оның ішінде жүк және жолаушы тасымалдаушылар — жылына 90 күннен артық тіркеусіз бола алмайды. Бұрын бұл мерзім 180 күн болған. Бұл шектеу Беларусь аумағындағы уақытты да қамтиды, өйткені екі ел одақтас мемлекет ретінде біртұтас есеп жүргізеді.

Мәжіліс депутаты Болатбек Нәжіметдинұлының айтуынша, бұл норма халықаралық тасымалдаушылармен қатар, ЕАЭО елдері арасында жұмыс істейтін жүргізушілерге де әсер етуде. Көптеген қазақстандық жүргізушілердің Ресейде болу мерзімі таусылып, рейске қайта шығу үшін жаңа жылды күтуге мәжбүр. Кейбірі көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін ұсталып, елден кету туралы ескерту алған.

Қыркүйек айынан бері Ресейде сұр импортты анықтау бойынша тексерістер күшейіп, жүк көліктерін өткізу уақыты ұзарған.

Қазақстандық тарап мәселені шешу үшін ресейлік әріптестерімен келіссөздер жүргізуде. 7 қазанда Серік Жұманғарин бұл тақырыпты Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкинмен талқылап, екі елдің жағдайды бірлесіп реттеуге дайын екенін айтты. Сонымен қатар, Қазақстан Еуразиялық экономикалық комиссияға (ЕЭК) ресми өтініш жолдап, бұл шектеуді сыртқы саудаға кедергі келтіретін тосқауыл ретінде тануды сұрады.

Мәселе 13 қазанда ЕЭК алаңында, ал 7 қарашада Қазақстан мен Ресей арасындағы үкіметаралық комиссияның 26-отырысында қаралады.

Анықтама:

Қазір Қазақстан мен Ресей шекарасында 30 автокөлік өткізу пункті бар. 2024 жылы олар арқылы 14,3 млн адам, 3 млн жеңіл көлік және 2 млн жүк көлігі өткен. Жүк көлігі қозғалысы ең көп бекеттер — Сырым, Қайрақ, Жайсаң, Қосақ, Ауыл, Құрманғазы және Жаңажол.