Маскасыз шеру: Тоқаев Мәскеудегі Жеңіс парадына қатысып жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Парадқа 14 мыңнан астам әскери тартылған

Мәскеудегі Қызыл алаңда Жеңістің 75 жылдығына арналған әскери парад басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Бұқаралық ақпарат құралдары салтанатты шараны тікелей эфирден көрсетіп жатыр.

Парадты Ресей Федерациясының Қорғаныс министрі Сергей Шойгу қабылдап, қарулы күштерді мерекелі датамен құттықтады. Владимир Путин сөз сөйлеп, бір минуттық үнсіздік жариялады. Ол Әзербайжан, Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Сербия, Түркіменстан, Тәжікстан, Монғолия, тағы басқа елдердің жеңіске қосқан үлесін атап өтті.

Қызыл алаңда Владимир Путинмен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Беларусь басшысы Александр Лукашенко, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Сербия Президенті Александр Вучичтың отырғанын көруге болады.

Парадқа 14 мыңнан аса әскери қызметкерлер тартылған. Қазақстан атынан подполковник Ұлан Нұрғазиев бастаған 55 десанттық шабуылдаушы сарбаз Қызыл алаңмен жүріп өтті.

Еске салсақ, салтанатты шеру коронавирус пандемиясына байланысты 9 мамырда өтпей, 24 маусымға ауыстырылған болатын.

Айтпақшы, парадқа Президенттер де медициналық маска тағып келмеген. Себебі, вирустан қорғану талаптары дайындық кезінде қатаң сақталған деп жатыр. Маусым айының басында Сергей Шойгу парадқа тек COVID-19-ға иммунитеті бар әскерилер ғана қатысады деп мәлімдеген. 

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан