Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Мәскеуге барды
Ол Жеңістің 75 жылдығына арналған әскери парадқа қатысады
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Мәскеуге жұмыс сапарымен барды. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Ертең, яғни, 24 маусым күні Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 13:00-де Қызыл алаңда Жеңістің 75 жылдығына арналған әскери парадқа қатысады. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев «Белгісіз солдат» қабіріне гүл шоғын қояды және Жеңістің 75 жылдығына арналған салтанатты қабылдауға қатысады», - деп жазды Берік Уәли.
Оның айтуынша, қазіргі ауыр эпидемиологиялық ахуалға байланысты Мәскеу сапарының алдында Президент жоспарлы түрде коронавирусқа тест тапсырған.
«Қасым-Жомарт Кемелұлы бұған дейін де медициналық хаттамаға сәйкес, үнемі тексеруден өтіп келеді», - деп жазды ол.