Мектепте 960 бала білім ала алады
Қазақстанның халықаралық даму агенттігі KazAID Түркияның Газиантеп провинциясы Нурдагы қаласында салынып жатқан жаңа мектептің құрылысы қарқынды жүріп жатқанын хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.
Агенттіктің баспасөз қызметі хабарлап отырғандай, жоба Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2023 жылғы жер сілкінісінен кейін түрік халқына көмек көрсету мақсатында қолға алынған.
«960 орынға арналған білім ошағында 32 бастауыш және 4 мектепке дейінгі сынып болады. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының жартысынан астамы аяқталды: бетон қаңқасы тұрғызылып, қабырғалар қаланды, қасбеттік жұмыстар мен инженерлік желілерді орнатылып жатыр», - деп хабарлайды агенттіктің баспасөз қызметі.
Мектептің іргетасы 2024 жылдың 19 желтоқсанында қаланған. Мектепті 2026 жылдың бірінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Нысан дайын болғаннан кейін оқушылар жаңа оқу жылын күтпестен бірден сабаққа кірісе алады.
KazAID жобасы Қазақстан мен Түркия арасындағы достық пен ынтымақтастықтың айқын көрінісіне айналып, халықаралық гуманитарлық көмектің маңызды үлгісі болып отыр.