Әкімнің айтуынша, қазір қалада небары бірнеше мердігердің өзі бюджеттен 38 млрд теңге алған
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қала тұрғындарын алаңдатып отырған ең үлкен мәселе – мердігерлер дейді. Оның айтуынша, мердігерлер жұмысты мерзімінде аяқтау керек, әйтпесе олар қаланың жобаларынан шеттеледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Дархан Сатыбалдының айтуынша, ірі жобаларды алған мердігерлердің нысанына барғанда уәде етілген оншақты көліктің орнына бірнеше ғана машина тұрады.
«Ондаған техника мен жұмысшы жұмылдырылады деп жоспарланған нысандарда бар болғаны бір-екі көлік пен санаулы адам жүр. Ал тұрғындар жол опырылып кеткенін, айналаның шаң екеніне шағымданады. Бұл жұмыс емес, бұл жауапсыздық», – деді әкім.
Мердігерлердің салғырттығы салдарынан жобалар ұзаққа созылып, кейде қаржылық қиындықтарға байланысты тоқтап қалады. Әкімнің айтуынша, небәрі бірнеше мердігер ұйымға ғана 38 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінгендіктен, мұндай ауқымды инвестиция кезінде қала билігі нәтижені талап етуге толық құқылы.
«Жағдайды сыртқы себептерге сілтеп, кінәні басқаға артуға болмайды. Жұмысты сапалы да уақытылы орындасын, әйтпесе Алматы жобаларынан оларды шеттетеміз. Салғырттыққа жол бергендерді лицензиясынан айырып, жауапқа тартамыз», – деді Дархан Сатыбалды.