Мәжіліс «Жасанды интеллект туралы» заң жобасын қабылдады
Бүгін Мәжіліс екінші оқылымда «Жасанды интеллект туралы» Заң жобасын және оған ілеспе заң жобаларын қабылдады. Мәжіліс Спикері, «AMANAT» Төрағасы Ерлан Қошановтың айтуынша, бүгін депутаттар өте маңызды заңды қабылдаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мемлекет басшысы таяудағы Жолдауында алдымызға үш жыл ішінде Қазақстанды жаппай цифрлық елге айналдыру жөнінде ауқымды міндет қойды. Бұл прогрессивті идеяны Президентіміз бүгін әлемнің ең басты мінбері – Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінен де жариялады», - деген ол Тоқаевтың сөзін мысалға алды.
Оның айтуынша, бүгін қабылданып отырған Жасанды интеллект туралы заң – осы бастаманы іске асыру жолындағы іргелі қадам болған.
«Ол еліміздің цифрлық дамуын жаңа деңгейге шығаруға жол ашатыны анық. Қазақстан әлемде мұндай заң қабылдаған алғашқы елдердің қатарында. Заңды қабылдау барысында цифрландыру саласындағы озық әлемдік тәжірибелер мен тәуекелдердің бәрі ескерілді. Әділеттілік, заңдылық, ашықтық, адам құқықтары мен жеке мәліметтерді қорғау басты принцип ретінде қарастырып отыр», - дейді Қошанов.
Оның айтуынша, заңның басты міндеті – технологияны қоғам мен әрбір азаматтың игілігі үшін жұмыс істету.
«Қорыта айтқанда, бүгінгі қабылданған заң жасанды интеллект саласы үшін, жалпы мемлекетіміздің дамуы үшін үлкен серпіліс бермек. Әріптестер, біздің алдымызда жасанды интеллект мәселелері бойынша маңызды Парламенттік тыңдау тұр. Сондықтан кең ауқымды пікірталас алдағы жұма күні жалғасын табады. Қазір жұмыс тобына, депутаттар мен мемлекеттік органдардың өкілдеріне бірлескен және жемісті жұмысы үшін алғыс айтқым келеді», - деді сөзін түйіндеген ол.