Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Нью-Йоркте жүр
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркте Финляндия Президенті Александр Стубб және Бельгия Премьер-министрі Барт де Вевермен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Стубб екіжақты және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді талқылады.
Қазақстан Президенті жоғары деңгейдегі жемісті саяси диалог екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттыруда маңызды рөл атқаратынына тоқталды.
«Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндия басшысының Қазақстанға жасайтын алдағы сапары қос елдің сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық әлеуетін танытуға ықпал ететініне сенімді екенін айтты», - деп жазылған хабарламада.
Кездесуде әлемдегі қазіргі геосаяси ахуалға баса мән берілді.
Мемлекет басшысы Бельгия Премьер-министрі Барт де Вевермен кездесуде Қазақстан Еуропа Одағындағы маңызды серіктестерінің бірі саналатын Бельгиямен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға баса мән беретінін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгия Қазақстанның ең ірі он инвесторының қатарына кіретініне назар аударды. Былтыр екіжақты тауар айналымы жарты миллиард долларға жуықтады.