Тоқаев «Әл-Азһар» университеті Жоғарғы имамының орынбасарымен кездесті

Автор: Бақыт Шынар

Бұл күндері Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі өтіп жатыр

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезіне қатысу үшін Астанаға келген «Әл-Азһар» университеті Жоғарғы имамының орынбасары Мұхаммед Абдурахман Әл-Дуайниді қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Мемлекет басшысы мейманға ілтипат танытып, Қазақстандағы дінаралық келісім мен бейбітшілікке бағытталған саясаттың маңыздылығын атап өтті. Президенттің айтуынша, «Әл-Азһар» ұстанымдары еліміздің бейбітшілік жолындағы бастамаларымен толық үндесіп, жалпы адамзат өркениетінің бірлігін нығайтуға ықпал етеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан Съездің Қазақстанның дінаралық татулықты дамытудағы табанды саясатының айқын көрінісі екенін айтты. Оның пікірінше, діни көшбасшылардың басқосуы – тек пікір алмасу алаңы емес, нақты шешімдер қабылданатын маңызды платформа.

Өз кезегінде Мұхаммед Абдурахман Әл-Дуайни «Әл-Азһар» университетінің Жоғарғы имамы шейх Ахмет ат-Тайебтің сәлемін жеткізіп, Съездің әлемдік бейбітшілікті орнықтырудағы рөлін жоғары бағалады.