Ол саяси партия болып тіркелуге кімдер мүмкіндік алатынын айтты
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев Қазақстанда бір палаталы Парламент құру жайлы пікір білдірді, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Менің ойымша, бір палаталы жүйеге көшеміз десек, саяси партия ретінде тіркелетін тағы да қоғамдық бірлестіктер көбейеді деген ойдамын. Еуропада, АҚШ-та саяси партия болып ең алдымен үкіметтік емес ұйымдар тіркеледі. Көбіне кәсіподақтар, ірі саяси ұйымдар, экологиялық бағыттағы қозғалыстар кіріседі. Жеке адам әлеуметтік желіде танымал болуы мүмкін, бірақ ол ешқашан саяси партия тіркей алмайды. Топ болып та тіркелу мүмкін емес. Тарихы бар ұйым болуыңыз керек», - деді Елнұр Бейсенбаев Ербол Сейілханға берген сұхбатында.
Бейсенбаев атағандай, белгілі бір бағыттағы саяси партиялардың тіркелуге мүмкіндіктері бар.
«Кәсіподақтар, яғни, еңбек адамдарымен жұмыс істейтін ұйымдар саяси партия болып тіркеле алады. Себебі олардың аудиториясы, артынан ерген өз адамдары бар. Осындай классикалық тұрғыдағы жүйені қолдаймын. Оны одан әрі жеңілдетудің қажеті жоқ деп ойлаймын», - деді депутат.
Еске салсақ, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдауында екі палаталы парламенттен бір палаталы жүйеге көшу туралы бастама жасады.