Елордада Сенат пен Мәжілістің бірлескен отырысы өтіп жатыр
Конституциялық кеңес төрағасы Қайрат Мәми Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы” Конституциялық кеңестің жыл сайынғы жолдауын жария етті.
Биыл Конституцияға 25 жыл толғандықтан жолдау соңғы 5 жыл ішіндегі конституциялық құрылыстың нәтижелерін қорытындылауға арналды.
«Өткен жылы Қазақстанда Конституция талаптарына сәйкес жоғарғы биліктің байсалды ауысуы және кезектен тыс президенттік сайлау өтті. Уақыт Республиканың Тұңғыш Президенті – Елбасының және Қазақстан Республикасы Президентінің бір-бірін өзара толықтыратын қызметінің перспективалығын көрсетті. Осы қызмет Қазақстанның өркендеуі, қоғамдағы бейбітшілік пен келісімге қол жеткізу сияқты ортақ мақсаттарына бағытталған», - деді Мәми жиналыста.
Сонымен бірге ол Нұрсұлтан Назарбаевтың Конституциялық кеңестің құрамына кіруі конституциялық бақылау органын күшейткенін атап өтті. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы жаңа заң қабылданғанын, саяси партия құру үшін азаматтар саны екі есеге қысқарғанын, сайлау партиялық тізімдерінде әйелдер мен жастар үшін міндетті 30% квота қарастырылғанын еске түсірді.
Мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыру бойынша жұмыс істелініп жатқанын, Тұрғын үй қорынан баспананы жалға алушыларды пәтерден шығаруға қатысты «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға өзгерістер енгізіліп жатқанын айтты.
Қ.Мәми тараптардың істе қолданылатын заңның конституциялылығын тексеру туралы өтініштерін соттардың қарауының тәртібін, сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының Конституциялық кеңесі туралы» Конституциялық заңды жетілдіруді ұсынды.
«Бұл республика Конституциясының жетекші рөлімен елдің құқықтық жүйесін дамыту және адамның конституциялық құқықтарының кепілдіктерін нығайту үшін қажет», - деді ол бұған қатысты.
Еске салайық, бүгін Елордадағы Сенат пен Мәжілістің бірлескен отырысы жабық форматта өтіп жатыр.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан