«Ресей мен Өзбекстанға барамын, Нью-Йоркте сөз сөйлеймін»: Тоқаевтың жыл соңына дейінгі жоспары қандай

Автор: Бақыт Шынар

Қазақстан президенті БҰҰ-ны реформалауға қатысты Қазақстанның көзқарасын айтпақшы

Фото: t.me/aqorda_resmi

Бүгінгі Жолдауында сыртқы саясатқа тоқталған президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы уақытқа дейінгі сапарлары қандай нәтиже бергенін және жыл соңына дейін тағы қандай жоспары бар екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.  

«Жақында мен Қытайға ресми сапармен бардым. Онда мәңгі стратегиялық серіктестік рухында дамып келе жатқан екіжақты қарым-қатынастың барлық мәселелері бойынша табысты келіссөздер өтті. Менің Түркияға және Қырғызстанға сапарларым да сәтті болды», - деп мәлімдеді Тоқаев.

Президенттің кестесіне сай ол жыл соңына дейін тағы бірнеше елге барып, Астанада бірнеше елдің басшыларын қарсы алмақшы.

«Осы жылдың соңына қарай мен Ресейге және Өзбекстанға барамын. Астанада Әзербайжан, Армения, Түрікменстан басшыларын қарсы алуға дайындалып жатырмыз. Сондай-ақ Азияның, Еуропаның, Африканың бірқатар мемлекет басшыларымен кездесіп, келіссөз жүргізу жоспарланған. Қазақстан-Америка сұхбаттастығы да белсенді жалғасып келеді. Еуропа одағымен сан салалы байланыстарымызды күшейтіп жатырмыз», - деді Тоқаев.

Бұдан өзге президент жақында Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының мерейтойлық сессиясында сөз сөйлейтінін және онда БҰҰ-ны реформалауға қатысты Қазақстанның көзқарасын білдіремін деді.