Шұғыл: Тоқаев бір палаталы парламент құруды ұсынды

Автор: Нұргүл Абай

Бұл туралы президент бүгінгі Жолдауында айтты

Фото: akorda.kz

Бүгін Қазақстан халқына арнаған жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір палаталы парламент құруды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Маған осы мінберден парламенттік реформа туралы айту оңай емес. Соған қарамастан мен дәл бүгін елімізде көп ұзамай бір палаталы парламент құру туралы бастама көтергім келеді», - деді Тоқаев ел халқына жолдауында.

Президенттің айтуынша, парламентке қатысты жаңа реформа кемі 20 жылдан бері талқыланып келеді. 

«Елімізде парламенттік реформа мәселесі кемінде жиырма жылдан астам уақыт бойы айтылып келеді. Осы мәселе ашық та, жабық та талқыланып жүргені ешкімге құпия емес. Бұл тақырып әлі күнге дейін өзекті болып отыр. Сондықтан мемлекеттік жүйе дамып, азаматтарымыздың саяси мәдениеті өсіп келе жатқанын ескере отырып, бұл мәселені халықтың талқысына салу айрықша маңызды деп санаймын. Сенат 1995 жылы елімізде күрделі әрі тұрақсыз саяси жағдай болып тұрған сәтте Парламенттің жоғары палатасы ретінде құрылды. Ол кезде мемлекеттігіміздің негізі енді ғана қалыптаса бастаған аса қиын жолдың басында тұрған едік. Сенатқа мемлекет құру ісіндегі тұрақтылықты қамтамасыз ету тарихи міндеті жүктелді. Өткен 30 жылда Сенат өзінің осы аса маңызды тарихи миссиясын абыроймен, тиімді атқарып шықты.  Жоғары палата заң шығару үдерісінің, басқа да негізгі реформалардың айрықша маңызды тетігі әрі кепілі болып келеді», - деді Тоқаев. 

Тегтер: