Моңғолияның Ұлы Мемлекеттік Хуралының төрағасы Қазақстанға ресми сапармен келді

Автор: Azattyq Rýhy

Кездесу қорытындысында тараптар Парламент Мәжілісі мен Ұлы Мемлекеттік Хурал арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Фото: Мәжілістің Баспасөз қызметі / Ж.Жұмабеков

Мәжіліске Моңғолияның Ұлы Мемлекеттік Хуралының төрағасы Дашзэгвийн Амарбаясгалан бастаған делегация келді. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановпен кездесуде тараптар парламентаралық байланысты нығайту жайын талқылап, ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәртебелі мейманды Мәжілісте қарсы алған Ерлан Қошанов Моңғолия әрқашан Қазақстан үшін Азиядағы маңызды әріптес екенін атап өтті. Бұл ретте ел басшылығы мен қазақстандықтар көрші елдің жетістіктеріне риясыз қуанып, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухтың бастамасымен жүргізіліп жатқан ауқымды саяси-экономикалық және әлеуметтік реформаларды қолдайды.

«Елдеріміздің арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келеді.  Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Моңғолияға былтырғы мемлекеттік сапары өте нәтижелі болды. Көшбасшыларымыздың арқасында екіжақты байланысымыз стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеріліп, түрлі саланы қамтитын 11 құжатқа қол қойылды. Бүгін біз қол қоятын парламенттеріміз арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум  әріптестігімізді жаңа белеске көтереді деп сенемін», – деді Мәжіліс спикері.

Ерлан Қошанов 2022 жылдан бері Қазақстанда жүзеге асып жатқан конституциялық реформалар мен өзгерістер туралы айтып, екі елдің саяси бағыттары ұқсастығына мән берді. Былтыр Моңғолияның Ұлы Мемлекеттік Хуралы сайлауы аралас жүйе бойынша өтіп, Парламент құрамына алғаш рет бес партияның өкілдері кірді.

 

Парламентаралық ынтымақтастықты дамыту жайын сөз еткен екі тарап депутаттар Нұртай Сабильянов пен Ухнагйин Отгонбаяр басқаратын достық топтарының жұмысын күшейту туралы уағдаласты. Тұрақты диалогты салалық комитеттер аясында да ынталандыру жоспарлануда.

Парламенттер басшылары партия желісі бойынша ынтымақтастықты нығайту және Парламентаралық Одақ пен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы сияқты көпжақты алаңдарда одан әрі бірлесе жұмыс істеу мәселелерін де қозғады.

Өз кезегінде Ұлы Мемлекеттік Хурал төрағасы цифрландыру, жасанды интеллектіні дамыту, экология, ауыл шаруашылығы сияқты салалар бойынша заң шығаруда тәжірибе алмасуға өзара үлкен қызығушылық бар екенін атап өтті.

«Қазақстан – Моңғолияның Орталық Азиядағы алғашқы стратегиялық серіктесі. Бүгінгі біздің кездесуіміз тек парламентаралық қатынасты ғана қамтып қоймайды. Күн тәртібінде экономикалық-саяси, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы өзара іс-әрекетті дамыту мәселесі талқылануда», – деді Дашзэгвийн Амарбаясгалан.

Сондай-ақ, парламентшілер туризм бағытындағы әріптестікті нығайту, екі елдің экономикалары үшін кадрлар даярлау және технологияларды дамыту мүмкіндіктерін талқылады.

Кездесу қорытындысында тараптар Парламент Мәжілісі мен Ұлы Мемлекеттік Хурал арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа сәйкес, тараптар өз құзыреттері аясында саяси, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, әлеуметтік-мәдени, гуманитарлық, басқа да салаларда, сондай-ақ экономиканы цифрландыру, инновацияларды дамыту мен енгізу ісінде Қазақстан Республикасы мен Моңғолия ынтымақтастығын нығайтуға және дамытуға жәрдемдесуге міндеттенеді. Сонымен бірге Мәжіліс алаңында Шығыс Қазақстан облысы мен Қобда (Ховд) аймағы арасында бауырластық қатынас орнату туралы меморандумға қол қойылды.

Ресми сапар аясында Моңғолия делегациясының «Астана» халықаралық қаржы орталығына, «KAZAKH INVEST» Ұлттық компаниясына, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ахуалдық орталығына, «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясына және басқа да нысандарға баруы жоспарланған.