Желіде Бас прокуратураның Бағдат Мәнізоровқа қатысты қылмыстық істі тоқтатқаны туралы құжаттың скан-көшірмесі пайда болды
2 қазанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі басшысының бірінші орынбасары Олжас Бектенов Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоров ірі көлемде алаяқтық жасаған деген күдікке ілінгенін ресми мәлімдеді. Алайда, 28 қазан күні Бас прокуратураның Бағдат Мәнізоровқа қатысты қылмыстық істі тоқтатқаны туралы құжаттың скан-көшірмесі желіде тарап кетті.
Осы ретте «Azattyq Rýhy» тілшісі белгілі саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың пікірін білді. Саясаттанушының айтуынша, Мәнізоров ісі тергеу кезінде расталмаған, яғни біреулердің арандатуына байланысты тууы мүмкін. Өйткені, Амандық Баталов қызметінен кеткеннен кейін Алматы облысының келесі әкімі болуға бірден-бір үміткер оның орынбасары Бағдат Мәнізоров болуы мүмкін.
«Баталов қазір зейнет жасында, ал оның қызметінен кететіні туралы әңгіме бірнеше уақыттан бері айтылып жүр. Алайда, Мәнізоров ісі біреулердің арандатуынан туған ойын екенін құқық қорғау органдары ресми растаған жоқ. Сол себепті, бұл мәселе бойынша «біреу ор қазды», «аяқтан шалды» немесе «саяси ойындардың құрбаны болды» деп айтуға негіз болатын деректер де жоқ. Қазір біз оның тек күдікке ілінгенін, кейіннен бұл қылмыстық істің тоқтатылғаны туралы ғана түсініксіз жағдайды көріп отырмыз», - дейді сарапшы.
Мәнізоров ісі бойынша белгілі заңгер Джохар Өтебеков те пікірімен бөлісті.
«Мұндай жағдай тергеу органдары мен прокуратура органдарының көзқарасы бір жерден шықпағанда болып тұрады. Сирек кездесетін жағдай болса да, прокуратура тергеу органдарының пікіріне қарамастан қылмыстық істі кез келген сатыда тоқтатуға құқылы. Бұл әдетте қадағалаушы органның өз бетінше шешім қабылдауы мен белгілі бір деңгейдегі көзқарас алшақтығын білдіреді», - дейді Джохар Өтебеков.
Айта кетейік, Алматы облысы әкімінің орынбасары Б.Мәнізоровтың «қамалғаны» туралы ақпарат 26 қыркүйек күні тарады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі басшысының бірінші орынбасары Олжас Бектенов 2 қазанда Мәнізоровтың ірі көлемде алаяқтық жасаған деген күдікке ілінгенін ресми мәлімдеді.