Тоқаевты Ердоған әуежайда қарсы алды

Автор: Алмас Ерсін

Екі ел басшылары Анкарада келіссөз жүргізіп, қазақ-түрік стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайту мәселесін талқылайды

Фото: Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияға ресми сапармен келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.

«Қасым-Жомарт Тоқаевты Анкара қаласының «Есенбоға» әуежайында Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған қарсы алды», - деп жазылған хабарламада.

Мемлекет басшысын күтіп алу үшін трап алдында құрмет қарауылы сап түзеп тұрды.

Әуежайда екі ел президенттері аз-кем әңгімелесті.

«Қонақжайлық танытқаныңызға көп рақмет. Әуежайға келіп, мені қарсы алдыңыз. Бұл мен үшін үлкен құрмет. Біздің арамызда ешқандай түйткіл жоқ. Бізді тек туыстық, ынтымақтастық байланыстырады. Ертең маңызды сапар болады. Сапардың бағдарламасы өте мазмұнды. Оны толық іске асырамыз деп ойлаймын» , – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Ертең, яғни 29 шілде күні мемлекеттер басшылары қазақ-түрік стратегиялық серіктестігін одан әрі нығайту перспективасын талқылап, келіссөз жүргізеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев президент Режеп Тайип Ердоғанның шақыруымен 2025 жылдың 29 шілдесі күні Түркияға ресми сапармен баратыны хабарланған болатын.