Америка бұдан былай басқа елдердегі әскери қақтығыстарға араласпайды – Трамп

Ол АҚШ үшін шексіз соғыс заманы аяқталғанын айтты

Америка бұдан былай өзге елдердегі әскери қақтығыстарға араласып, оларды реттеумен айналыспайды. Ешкімге жөнсіз ұрынбайды. Соққы бермейді, соқтықпайды, деп мәлімдеді Дональд Трамп.   Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасы хабарлайды.

 АҚШ Президенті «Вест-Пойнт» әскери академиясының түлектері алдында осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, енді америкалық жауынгерлер елдің тек аса маңызды мәселелеріне мән беріп, мемлеттік мүдделерін қорғайды.

«Біз түбі жоқ соғыс түсінігіне балта шауып, қақтығыстар кезеңін аяқтаймыз. АҚШ бұдан былай тек өз мүддесін қорғайды. Ешкімнің ісіне араласпаймыз. Мейлінше өз шебімізді қорғаумен айналысамыз. АҚШ әскері кісі баласы біле бермейтін, ел естімеген шалғайдағы  қақтығыстарға бас сұқпауы тиіс. Өзгенің мәселесін шешу енді біздің іс болмауы керек. Бәрін тәртіпке шақыратын әлем полициясы секілденген мемлекет емеспіз. Бірақ бізге соқтыққандарды аямаймыз»,- деді Дональд Трамп.

Айта кетейік, Ақ үй басшысы бұған дейін Германиядан 9 мыңнан астам жауынгерін шығаратыны туралы айтқан. Ресми Берлин Трамптың мәлімдемесін сынға алды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.