Айжан Есмағамбетова Ербол Қарашөкеевтің орынбасары болып тағайындалды

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол денсаулық сақтау саласының маманы ретінде лауазымды қызметте болды

Фото: gov.kz

Президент Әкімшілігінің келісімімен және Жамбыл облысы әкімінің өкіміне сәйкес, Айжан Серікбайқызы Есмағамбетова Жамбыл облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айжан Есмағамбетова – жоғары білікті денсаулық сақтау саласының маманы. Ол:

  • 1997 жылы Қазақ мемлекеттік медицина университетін «Санитария, гигиена және эпидемиология» мамандығы бойынша,
  • 2005 жылы Қоғамдық денсаулық сақтау мамандығы бойынша,
  • 2008 жылы Almaty Management University-де «Денсаулық сақтау менеджменті» бойынша білім алған.

Еңбек жолын 1990 жылы Алматы қаласындағы №7 емханада фельдшер-зертханашы ретінде бастаған. Одан кейін:

  • Республикалық санитарлық-эпидемиологиялық станцияда эпидемиолог-дәрігер,
  • ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің санэпидқадағалау комитетінде жетекші маман, сарапшы, басқарма басшысы,
  • ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің орынбасары,
  • ҚР Тұтынушылардың құқықтарын қорғау агенттігінде және Ұлттық экономика министрлігінде бөлім басшысы,
  • Денсаулық сақтау министрлігінде департамент директоры, комитет төрағасының орынбасары,
  • Вице-министр және Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер лауазымдарында жұмыс атқарған.

2024 жылғы шілдеден бастап Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасы қызметінде болған.

Айжан Есмағамбетованың Жамбыл облысындағы жаңа қызметі – халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыру, денсаулық сақтау, білім, еңбек және қоғамдық даму салаларын үйлестіру сынды маңызды міндеттерді қамтиды.