Тоқаевтың бір жылы: кризис-менеджер, «еститін үкімет» тұжырымдамасын іске асырушы

Автор: Azattyq Rýhy

Бір жыл бұрын Қасым-Жомарт Тоқаевты Президент ретінде ұлықтау рәсімі өтті

Тоқаев өткен бір жылда реформа жасады, өзін кризис-менеджер ретінде көрсетті. Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын жүзеге асыра бастады. Бұрыннан қолға алынбаған маңызды бірнеше заң актілерін қабылдауды жеделдетті. Тура бір жыл бұрын, 12 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаев ресми түрде Қазақстан Республикасы Президенті өкілеттілігін қолға алды. Жаңа Мемлекет басшысының алғашқы жылы дүрбелең мен қайғылы оқиғаларға толы болғанына төмендегі оқиғалар дәлел:  

  • Арыс қаласындағы жарылыс;
  • Теңіз кенішіндегі жұмысшылардың толқуы;
  • Bek Air ұшағының апаты;
  • Қордай оқиғасы;
  • Мақтааралдағы су тасқыны;
  • Елдегі COVID-19 пандемиясына байланысты төтенше жағдай;

Президенті ұлықтау рәсімінен кейін болған айтулы оқиғалардың жылнамасын жазып жүретін сарапшылардың пікірін бермес бұрын, Azattyq Rýhy оның кейбіріне жеке-жеке тоқталуды жөн көрді. Президент жаңа лауазымға жайғасқаны сол екен, елдің оңтүстігінде апат болды.  Бүтіндей бір қаланы қиратып тастаған Арыстың маңындағы қару-жарақ қоймасындағы жойқын жарылыс бітеу жараның бетін жұлып алғандай әсер қалдырды.

ТОҚАЕВҚА АЛҒАШҚЫ СЫНАҚ  ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТТІ?!

Арыс оқиғасы Қасым-Жомарт Тоқаев үшін билікке келгенде  алғашқы сынақ екенін сарапшылар мен БАҚ жарыса жазды. Оның осы дүрбелең кезіндегі әрбір қадамы қоғамның назарында болды. Ұлықтау рәсімінен соң дәл 12 күн өткенде Түркістан облысындағы қару–жарақ қоймасының күлі көкке ұшып, адам шығынын да әкелді.  Ресми деректерге сенсек,  ауруханаға түспегендерді айтқанда, үш адам қайтыс болды. Тұрғын үйлердің 70 пайыздан астамы тұруға жарамсыз деп танылды.

Ел Президенті оқиға болған күні кештұрым Арыс қаласына барып, абдырап қалған халықты сабырға шақырды. Ол тұрғындар уақытша орналастырылған қосындарды аралап, жергілікті атқарушы билікке тапсырма жүктеді. Оқиғаға төтенше жағдай деген баға берілді. Мемлекет пен елдің әр аймағынан және кәсіпкерлердің көмегімен шаһарды қайта қалпына келтіру жұмыстарына 60 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалды. Осы күнге дейін 7,5 мың жеке тұрғын үй мен 500-ден астам ғимарат қайта салынды.

ТЕҢІЗ КЕНІШІНДЕГІ ОҚИҒА ЕҢБЕК КЕЛІСІМШАРТТАРЫН ҚАЙТА ҚАРАУҒА ӘКЕЛДІ

Арыс оқиғасынан ес жимай жатып, елдің батысындағы ең ірі мұнай-газ кешенінен дау шықты. Маусым айының соңғы күндері Consolidated Contracting Engineering & Procurement S.A.L. Offshore (ССЕР) компаниясында жұмыс істейтін шетелдік мамандар мен жергілікті халықтың өкілдері арасындағы  еңбек нарығына  байланысты теңсіздік ауқымды дауға себепші болды. Текетірестің салдарынан 15 мың жұмысшы ереуілге шықты. Жергілікті мамандар негізінен ливиялық жұмысшылардың елдеріне қайтуын талап етіп, ақырында 40 адам түрлі дәрежеде жарақаттар алған болатын. Ресми түрде CCEP компаниясының менеджері Эли Даудтың әлеуметтік желіге жариялаған фотосуретінен басталған даудың еңбек келісімшарттарын биліктің қайта қарауына дейін жеткізді.

Ақырында Қасым-Жомарт Тоқаев бұл дағдарыстан шығудың жолы ретінде еңбек келісімшарттарын тыңғылықты қарап, мұнайшылардың талабын ескеруді тапсырды. Министрлер кабинеті мен сала мамандарының шұғыл отырысын шақырып, инвесторлармен келіссөздер жүргізуге кірісті. Жергілікті жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы мен ұлттық мүддені алдыңғы орынға қою керек деген тұжырым жасалды.

«Мұндай қақтығыстарды алдағы уақытта болдырмау керек және бұл елдің әлем алдындағы беделіне кері әсер етеді»,- деді Президент.

БИЛІК  BEK AIR КОМПАНИЯСЫН САЛҒЫРТТЫҒЫ ҮШІН ЖАЗАЛАДЫ   

Bek Air әуе компаниясына қарасты ұшақтың апатқа ұшырауы мемлекеттің әуе кеңістігі мен азаматтық авиация саласындағы шикіліктердің шаш етектен екенін көрсетті.  Жаңа билік жолаушылар тасымалы саласындағы реформаны басынан қайта қарауға және 12 адамның өмірін қиған оқиғаның салдарын жоюға шындап кірісті. Қасым-Жомарт Тоқаев кінәлілер тиісті жазасын алады деп мәлімдеді. Айтқандай-ақ нарықта 25 жылдан астам қызмет көрсеткен Bek Air әуе компаниясы таратылды. Кәсіпорын лицензиясынан айырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев үшін бұл қайғылы оқиға айтарлықтай сынақ болды. Жаңа жыл қарсаңында болған апат елдегі өлара кезеңнің қордаланған проблемаларының біріне қоғам назарын аударды.  

Айта кету керек, ел тарихындағы ірі әуе апатына қатысты сот процестері әлі де жүріп жатыр. Бұл оқиғадан соң жер телімдерін заңсыз саудалауға қатысты өзге де салалас проблемалар мен заңбұзушылықтар әшкере болды. Ал бұл апаттан зардап шеккен азаматтар мен жақындары қайтыс болған отбасыларға мемлекеттен 94 миллион теңге көлемінде өтемақы берілді. Тоқаев жапа шеккен азаматтарға Үкіметтен 1 млн теңге, ал өмірден өткен жандардың жақындарына 4 млн теңгеден бөлуді тапсырды. Bek Air компаниясы әуе апаты қарсаңында сатылған билеттер үшін әлі 37 млн теңге қарыз. Компания 500-ден астам жолаушыға қаражаттарын қайтарудан бас тартты. Қазір іс сотта қаралып жатыр.

ҚОРДАЙ ОҚИҒАСЫ: КІНӘЛІЛЕР ҰЛТЫНА ҚАРАМАЙ ЖАУАПҚА ТАРТЫЛАДЫ 

«Қордайдағы оқиға әсіре толеранттылық пен ұлттар арасындағы татулықтың шегі бар екенін көрсетті» деп билікті сынайтындардың оң жамбасына дөп келген. Бірақ ақпанның кешінде астаң-кестеңі шыққан ауылдардың жағдайын көргенде, бұл мәселе анау ойлағаннан да күрделі екенін ұқтырды. Апат орнында 11 адам қаза тауып, 200-ге жуық адам ауруханаға жеткізілген болатын. Мемлекет үшін 1,5 млрд теңге шығын әкелген тәртіпсіздік мыңдаған адамның мекенін тастап кетуіне соқтырды. Жамбыл облысына қарасты ауданның 164 жеке тұрғын үйі 100-ден астам автокөлігі жарамсыз болды.

Оқиға орнына келген Тоқаев пен Үкімет өкілдері жағдайдың бақылауда екенін айтып, халықты сабырға шақырды. Бұрын-соңды болмаған мұндай дүрбелең билік өкілдерін де аса қатты алаңадатқаны ақиқат. Әлемдік қауымдастық  билік тізгінін қолға алған Мемлекет басшысының қадамын сырттай  бақылады.  

«Ауданда бір топ адам белсенді түрде контрабандамен айналысып жүрген. Бұл – белгілі нәрсе. Осы іске басқа топ та қатысқысы келген. Бір сөзбен айтсақ, заңсыз табыс көзі үшін екі қылмыстық топтың арасында текетірес пайда болған. Бұл текетірес салдарынан көп адам зардап шекті. 11 адам қаза тапты. Оны ашық айту керек. Енді құқық қорғау органдарының алдында тұрған мақсат – барлық қылмыскерлерді ұлтына қарамай, заңға сәйкес жазаға тарту. Онсыз елімізде тәртіп болмайды»,- деді Қ. Тоқаев.

Текетіреске себепші болған азаматтар сотталды. Қарияны соққыға жыққан дүнген ұлтының өкілі Эрсман Юнху мен оның ұлы Марат Юнху кінәлі деп танылып, түрмеге отырды. Бұл қақтығысқа тікелей қатысқан 60 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылса, билік аудандағы 109 тұрғын үй мен өзге де сауда орындарын қайта қалпына келтіруге ықпал етті.

БӨГЕТТІҢ БҰЗЫЛУЫ ЕКІ ЕЛ АРАСЫНДАҒЫ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСҚА БӨГЕТ БОЛА МА?

Жылдың өзге мезгілдері сияқты, Тоқаев үшін көктемнің күндері де шуақты болған жоқ. Әлемді жаулаған пандемиямен арпалысып жатқанда, елімізің оңтүстігіне тағы бір қатер төнді. Арыс оқиғасынан кейін қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын еді. Алайда өзбек-қазақ шекарасына жақын орналасқан Мақтаарал аймағында су тасқыны аудан жұртын есеңгіретіп тасады.  Оннан астам ауылды су басып, 30 мың адам үйін тастап шықты. Егістік пен мақта шаруашылығын кәсіп ететін аймақ халқы үшін бұл ауыр соққы болды.

Аудан халқына егістіктен 400 млн теңге шығын келген. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысындағы бұл дағдарысты шешу үшін әр отбасыға жеке-жеке назар аударуды тапсырды. Су кеткенше, халықтың тұратын жерін, ас-суы мен психологиялық тұрғыдан көмек беру қажеттігін бақылайтынын мәлімдеді. Үкіметтік комиссия бұл өңірде мемлекет пен аймақтық әкімдіктердің көмегімен 500 тұрғын үйді қайта салуды жоспарлап отыр.

Көптеген сарапшылар Өзбекстандағы Сардоба су қоймасында бөгеттің бұзылуынан болған тасқын екі ел арасындағы саяси мәселелерді қайта қарауды қажет етеді деп топшылаған. Орталық Азия аймағындағы су шаруашылығына қатысты келісімшарттарды қайта қарау керек екені айтылды. Тоқаев әкімшілігі бұл тығырықтан шығар жол – ізгілік, достық және конструктивті келіссөз екенін іспен көрсетті. Мақтааралды су басқан сәттен бастап жағдайды бақылауда ұстаған тараптар «Бөгеттің бұзылуы мемлекеттер арасындағы достық келісімдерге бөгет бола алмайды» деген ұстанымда болды. Өзбек тарапы Түркістан облысындағы жағдайда бей-жай қарамай, материалдық-техникалық тұрғыдан көмегін аяған жоқ.

COVID-19: ДЕР КЕЗІНДЕ ҚАБЫЛДАНҒАН ШАРАЛАР АДАМДАРДЫ АУРУДАН АРАШАЛАДЫ

«Пандемия бүкіл әлемнің қалыпты тіршілігіне айтарлықтай әсер етті. Індеттің салдарынан дүниежүзінде экономикалық белсенділік күрт төмендегенін көріп отырсыздар. Шикізат бағасының құлдырауы экономикалық жағдайды қиындататыны анық. Халықаралық валюта қорының пайымдауынша, биыл әлемдік жалпы ішкі өнім едәуір төмендейді. Әрине, мұндай дағдарыстан кейін экономиканы қалпына келтіру оңайға түспейді. Шұғыл әрекет етпесе, әлемдік рецессия күрделене бермек. Сондықтан шамасы жететін елдер өз азаматтарына қолдау көрсету үшін нақты жұмыстар жүргізуде», деді Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі беделді басылымдардың біріне берген сұқбатында.

«Біз Қазақстанда төтенше жағдайды дер кезінде жарияладық. Осындай шаралардың арқасында вирустың жаппай таралуына жол бермей, қоғамдағы тұрақтылықты сақтап отырмыз. Дағдарысқа қарсы шаралар үшін 6 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінгенін білесіздер. Ең алдымен, жұмыссыз қалғандарға 42 500 теңге мөлшерінде төлем жасауды ұйғардық. Жалпы, 4,2 миллион адам бұл көмекті алды. Оны екінші айда да жалғастырамыз. Бұдан бөлек, 1 миллиондай мұқтаж жан  азық-түлікпен және қажетті заттармен қамтамасыз етілетін болды»,-  деді Мемлекет басшысы

Тоқаевтың айтуынша, осындай күрделі кезеңде халыққа көмек көрсетілмесе, мемлекеттігімізге сын емес пе?! Әрине, ақша таратып берумен ахуал түзелмейді. Дағдарыс жағдайында кешенді әрі жүйелі шаралар ұйымдастырған абзал. Ең алдымен, жастарды жұмысқа орналастыру керек. Сондықтан 250 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Әр өңірде инфрақұрылымдық және инженерлік жобалар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары бар. Міне, жұмыссыз қалғандар солардың құрылысына, жөндеу жұмыстарына жұмылдырылады.

САРАПШЫЛАР ПІКІРІ

Айдос Сарымның айтуынша, батыстың ұлы ойшылдарының бірі  «Салиқалы қайта құру» немесе «Парасатты қайта құру» деген ұғымды енгізген. Яғни белгілі бір қоғам, белгілі бір экономика даму сатыларынан өткеннен кейін, өзінің мүмкіндіктерінің шектелгенін байқайды. Дағдарыстан дағдарысқа кезігіп, өзінің осы күнге дейін жиған ырзығы өзіне жетпей қалып жатады. Елдегі наразылық, оның алдындағы саяси дүмпулер айналып келгенде, экономиканың мәселесі. 90-шы жылдардан бастап құрылған мұнайлы экономика кесірінен осындай күйге жеттік. Саясаттанушы ары қарай жүру үшін соны мойындауымыз керек екенін айтады.

«Менің ойымша, соңғы бір жылдың ішінде осы айтқан жағдайлар өзгеріп жатыр. Мысалы, біз соғыс болмасын, басқа пәле-жала келмесе болды деп келдік. Бірақ мемлекеттің әлеуеті де, оның машина ретіндегі мүмкіндігі де жоғары екенін көре бастадық. Өткен жылы Арыс қаласындағы жарылыстан соң бір қала тып-типыл жойылды деуге болады.

Құдайға шүкір, халықтың қолдауымен, биліктің қолдауы және бизнестің демеуімен қаланы қайтадан тұрғыздық.  Ал Мақтааралдағы жағдайды алыңыз. Құдайға шүкір,  көршілермен де тіл табысып, халықтың еңсесін көтеріп, ауданды қайтадан аяқтан тұрғызып жатырмыз.Сондай-ақ мәселен, пандемия деген тіптен болмаған жағдай еді. Мемлекет деңгейінде бұрын ТЖ жарияланып көрген емес.

Соған қарамастан мемлекеттің әлеуеті, күші мен пәрмені бар екеніне көзіміз жетіп отыр. Билік бұл пандемиядан кеудесін тіктеп, өзіне деген сеніммен шығып келе жатыр. Бір жылдың үлесі, жеңісі осы ма деп ойлаймын. Осы қарқынмен үлкен реформаларды да жасауға болады»,- дейді А. Сарым.

Сарапшы халыққа құлақ асатын мемлекет бастамасына да тоқталды. Қазіргі билік әлеуметтік желідегі, БАҚ беттеріндегі жұмысты жандандырды. Кез келген мәселеге реакция танытуы өз миссиясын түсінуі деп бағалайды. Бұл Тоқаевтың бір жылдық билігіндегі жетістігі екенін айтты.

«Біз сияқты ел үшін бұл жыл шынымен, үлкен сынақ жылы болды. Бірақ одан ел болып, жұрт болып шыға алатымызды көрсеттік. Бұл – абырой. Осы күнге дейін жиналған сенім мен үміт капиталын енді үлкен реформаларға айналдыратын кез келді. Қоғамның талабына, ырқына жауап беретін реформаларды қорықпай жасау керек»,-  деп санайды Айдос Сарым.

Философия, саясаттану жəне дінтану институты директорының орынбасары, ф.ғ.д., профессор Серік Нұрмұратов та Тоқаевтың бір жылда атқарған жұмысына тоқталды.

«Біріншіден, біздің экономикамыз соңғы бір жылда дұрыс бағытын тапты ма?! Әрине, бізді бұл тұрғыда қазіргі карантин жағдайы тежеп отыр. Пандемия біздің құлашымызды аштырмай отыр. Сондықтан экономикада неге пәрменмен, тез дамып кете алмай отырмыз деп сынаудың өзі орынсыз. Себебі, бұл тек бізге ғана емес, әлемнің барлық еліне тән жағдай.  Уақытында төтенше жағдай жариялап, халықтың денсаулығын қорғауда дертке қарсы тұруға қадамдар жасалды.

Екіншіден, саяси жағынан азаматтардың мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың орнауына мүмкіндіктер берілді. Ұлттық қоғамдық келісім кеңесі құрылды. Онда ұлттың жағдайын ойлайтын, белсенді азаматтар өз ойларын Үкімет алдында айтатындай деңгейге жетті.

Үшіншіден, мәдени-рухани салада халқымыздың ұлы тұлғалары –әл-Фараби мен Абайдың мерейтойларын өткізу, оның маңыздылығын көрсетудегі оңды нәтиже деп есептеймін. Себебі, біз соғысты, қырғынды дәріптемеуіміз керек.  Руханиятты дәріптеуге, соны насихаттауға бағыт алған елге айналғанымыз өте орынды. Сол идеялар тарағанда ғана қоғамда үйлесім, келісім және бейбітшілік, бірігу болады»,- дейді сарапшы.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы