Ол банктермен байланысты цифрлық платформалардың заңнамаға сәйкестігін тексеруді ұсынды
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Руслан Қожасбаев премьер-министрдің атына жолдаған сауалында туризм саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп, тиісті шараларды қабылдауға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың мәлімдеуінше, нарыққа банктермен байланысты цифрлық платформалардың жылдам енуі туризм саласындағы дәстүрлі шағын және орта бизнеске айтарлықтай қауіп төндіріп отыр. Олар туристік пакеттерді «пайызсыз» несие ретінде бөліп төлеу жүйесімен ұсынып, тұтынушылар арасында сұраныстың артуына ықпал етуде.
«Мұндай шарттар тұтынушыларды қызықтырады. «Қамқор» қорының мәліметінше, тек бір оператордың нарықтағы үлесі 50%-дан асқан. Бұл монополиялық жағдайды көрсетеді. Мұндай нарық реттеуді қажет етеді. Цифрлық платформалар клиенттер ағынын небәрі бірнеше компания арқылы басқарады, ал Қазақстан бойынша мыңдаған шағын турагент жаңа қызмет көрсету жүйесінен тыс қалып, табыс көздерінен айырылады», - деді депутат.
Халықаралық платформалар салық төлеу талаптарын сақтамай, Қазақстан бюджетіне зиян келтіріп отыр. Депутаттың айтуынша, шетелде күтпеген жағдайлар болған кезде (рейстердің тоқтатылуы, виза ережелерінің өзгеруі, шұғыл медициналық көмек қажеттілігі) азаматтар жалғыз қалады. Турды сатқан цифрлық платформа клиентке қолдау көрсетпейді және жауапкершілік алмайды.
«Сыртқы туризм нарығы монополиялану сипаттарына ие. Цифрлық платформалар қаржылық ресурстарға, маркетингке және клиенттік деректер базасына қол жеткізе алады. Ал дәстүрлі агенттіктердің мойнында жауапкершілік, салықтар және жұмыс орындарын қамтамасыз ету міндеттері бар. Бұл әділ бәсеке емес, бұл туризм саласындағы шағын және орта бизнестің тұрақтылығын бұзып, мыңдаған азаматымыздың жұмыссыз қалуына алып келетін асимметрия.
Мен салық мәселесін кездейсоқ көтеріп отырған жоқпын. Кейбір цифрлық платформалар Astana Hub-та тіркеліп, салықтан іс жүзінде босатылған. Бұл дәстүрлі туристік компаниялармен салыстырғанда айтарлықтай бәсекелестік артықшылық береді. Әңгіме технологиямен күрес жайында емес, мәселе бәсекелестікті қорғау, нарықтың ашықтығы мен өміршеңдігін қамтамасыз ету турасында болып отыр. Біз бизнес үшін тең жағдай жасауға міндеттіміз.
Туризм нарығының тағы бір қатысушылары – қонақүйлерді, турларды немесе гидтерді брондау бойынша халықаралық сервистер. Басқа цифрлық сервистердің тәжірибесіне сүйене отырып, олардың қызметтерін ашық көрсетуге және Қазақстан бюджетіне салық төлеуге міндеттей аламыз деп сенемін», - деді ол.
Депутат келесі ұсыныстарды жолдады:
Руслан Қожасбаев бұл ұсыныстардың туризм саласындағы әділдік пен ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.