Мемлекет оның нақты ұсыныстарын жоғары бағалап отыр
Пәкістан билігі АҚШ президенті Дональд Трампты 2026 жылғы Нобельдің бейбітшілік сыйлығына ресми түрде ұсынды. Бұл бастама Трамптың Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленісті шешудегі дипломатиялық араласуына байланысты қабылданған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Пәкістан үкіметі 2025 жылғы үнді-пәкістандық дағдарыс кезінде Трамптың батыл дипломатиялық қадамын және шешуші көшбасшылығын мойындай отырып, оны Нобель сыйлығына ресми түрде ұсынуға шешім қабылдады», – делінген ел үкіметінің Х әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында.
Пәкістан билігі Джамму мен Кашмир төңірегіндегі даулы аймақта бейбітшілік орнатуға Трамптың нақты ұсыныстарын жоғары бағалап отыр. Бұл аймақ – тұрақсыздықтың басты көзі, әрі ондаған жыл бойы екі ел арасында шиеленіс туғызып келеді.
«Президент Трамптың үнді-пәкістандық дағдарыс кезіндегі көшбасшылығы оның тиімді бейбіт саясат пен прагматикалық дипломатиядағы мұрагерлігін айқын көрсетеді», – деп мәлімдеді Пәкістан үкіметі.
Әзірге бұл ұсынысқа халықаралық деңгейде нақты жауап берілген жоқ. Алайда Трамптың Нобель сыйлығына ұсынылуы бұған дейін де — әсіресе оның Солтүстік Кореямен диалог бастау, Ауғанстаннан әскер шығару сияқты бастамаларынан кейін бірнеше рет талқыланған болатын.