Экология министрі әлемдегі киік популяциясының 99 пайызы Қазақстанда шоғырланған дейді
Күні кеше хабарлағынымыздай, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай үкіметіне 1500 киікті сыйға беру туралы шешім қабылдаған. Бүгін Мәжіліс кулуарында экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев бұл шешімнің қандай пайдасы барын түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрдің айтуынша, бұл қадам ақбөкен популяциясының тұрақты дамуына оң ықпалын тигізеді
«Бүгінде әлемдік киік популяциясының 99 пайызы Қазақстанда шоғырланған. Сондықтан олардың тарихи мекендеріне қайта оралуы – бүкіл популяцияның экожүйедегі орнықты дамуына оң әсер етеді. Бұл 1 500 бас жануар гиперпопуляция мәселесін шешпесе де, түрдің тұрақтылығын арттыруға сеп болады», – деді министр Мәжіліс кулуарында сөйлеген сөзінде.
Оның айтуынша, Қазастан мен Қытай ғалымдары ақбөкендерді қай өңірлерге көшіру тиімді екенін анықтау үшін бірлескен зерттеу жұмысын бастайды.
«Қытай тарапы мекендеу аймақтарын қарап, азықтық база мен экологиялық жағдайларды бағалайды. Киіктерді қалай тасымалдайтынымыз да зерттеліп жатыр. Қайсысы қауіпсіз әрі қолайлы болатынына баса назар аударамыз», – деп толықтырды Ерлан Нысанбаев.
Кеше, 17 маусым күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай үкіметіне 1,5 мың киікті сыйға тарту туралы шешім қабылдағанын жазған едік.
«Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай үкіметіне 1.5 мың киік беру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Қытайдың батыс бөлігінде жерсінетін ақбөкендер көрші елдегі осы жануардың популяциясын қалпына келтіруге септігін тигізбек. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, Қытайда ақбөкендер санын көбейту үшін жүйелі шаралар жоспарланғанын жеткізді», - делінген хабарламада.
Бұл ақбөкендер көрші елдегі киік популяциясын жандандыру үшін Қытайдың батыс өңірін мекендейді.