Үкіметте ерте пісетін көкөністер мен жемістерді Қырғызстаннан жеткізу мәселесі талқыланды

Автор: Алмас Ерсін

Кездесуде екі ел арасындағы тауар айналымын арттыру мәселесі де талқыланды

Фото: pixabay

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қырғыз Республикасының министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – су ресурстары, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі министрі Бақыт Торобаевпен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy үкіметтің сайтына сілтеме жасап.

Тараптар екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың оң динамикасын атап өтті. Атап айтқанда, өткен жылғы қорытынды бойынша өзара сауда көрсеткіші $1,7 млрд құраған.

Серік Жұманғарин экономикалық ынтымақтастық әлеуетін едәуір арттыру үшін бірқатар тиімді қадам жасауды ұсынды. Ең алдымен, жеткізілетін тауарлардың номенклатурасын кеңейту қажет.

«Біз қазақстандық өнім экспортын 195 позиция бойынша $260 млн-нан астам сомаға арттыруға дайынбыз», — деді вице-премьер.

Сондай-ақ ол бизнес-форумдар мен өзара сауда миссияларын өткізуде өзара сауданы арттырудың маңызды рөлін атап өтті.

Қатысушылар ауыл шаруашылығындағы ынтымақтастықты жандандыруды талқылады. Атап айтқанда, Қырғызстанның ерте жеміс-көкөніс өнімін Қазақстан нарығына жеткізу. Қазақстандық тарап дәнді және майлы дақыл экспортын арттыруды ұсынды. Сонымен қатар қатысушылар теміржол тасымалы рәсімдерін жеңілдету мүмкіндігі мен бірлескен ынтымақтастықтың басқа да мәселелерін талқылады.