Қазақстанның Ресейге қосылатын жоспары жоқ – Тоқаев

Автор: Azattyq Rýhy

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің «Комсомольская правда» басылымына сұхбат берді

akorda.kz

Ресейлік басылым өкілімен сұхбаттасқан Мемлекет басшысы Қазақстанның Одақтас елдермен, яғни Ресей мен Беларусьпен бірікпейтінін мәлімдеді.

«Қазақстан Ресей мен Беларуспен өзара және интеграциялық ұйымдар (ЕАЭО, ҰҚШҰ, ТМД) аясында тығыз байланыста. Біздің Ресей мен Беларусь құрған Одақтас елдер қатарына қосылатын жоспарымыз жоқ. Басымдық аталған ұйымдар интеграциясын одан әрі дамытуға беріледі», - деді Қазақстан Президенті.

Оның айтуынша, Қазақстан тарапын қазір Еуразиялық экономикалық одан ұйымының мүмкіндіктерін барынша пайдалану мәселесі қызықтырады.

«Біз ЕАЭО-ны жаһандық масштабтағы тиімді құрылымға айналдыра аламыз. Бұл бағыттағы жұмыстар қазір жүріп жатыр. 2025 жылға қарай ұйымға мүше елдердің ортақ энергетикалық және қаржылық нарығы қалыптасады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол сондай-ақ, Ресей мен Қазақстанның бауырлас елдер болып қалатынына сенетінін айтты.