$ 514.94  583.74  6.13
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Өзі танитын әкімге елдің қабағы қатулы»: депутат жергілікті басқарудағы басты мәселелерді атады

Әкімдер іс-қағазды дұрыс толтырудан бастап мемлекеттік бағдарламаларды жемісті жүзеге асыруды үйреніп жатыр

«Өзі танитын әкімге елдің қабағы қатулы»: депутат жергілікті басқарудағы басты мәселелерді атады
Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев ауылда сайланған әкімдердің мәселесін айтып, оларды шешуге бағытталған бірқатар ұсыныс тастады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мұхтар Әуезов уағында: «Жолдасын таппаған ер азады, басшысын таппаған ел азады» депті. Расында, тәуелсіздік алғалы бері басқасын былай қойғанда ауылдарды аздырып алдық. Ақпаратты айдаладан болмаса айналадан іздеу ағаттық, ақтарып қарасақ алдымызда тұр. Соңғы 5 жылдың өзінде Шығыс Қазақстан облысында 350 елді-мекен, Солтүстік Қазақстан облысында 635 ауыл, Павлодарда 352 ауыл, Ақтөбеде 315 ауыл, Батыс Қазақстан облысында 413 ауыл жабылды. Ауыл жабылды дегенше қасиет қонған, қанша қазақтың кіндік қаны тамған жүздеген мекеннің басынан бағы тайды дей беріңіз. Алыстағы ағайынның қазанын оттан түсірмеу үшін Қазақстанда ауыл әкімдерінің сайлауы басталғанын білеміз. Бұл халықтың талабы, әкімді тікелей сайлаймыз деген», - деді Сәрсенғалиев.

Депутаттың айтуынша, 2021 жылы басталған бастаманың нәтижесінде Қазақстанда 2,5 мыңнан астам ауыл әкімі сайланды.

«Олардың 60 пайызы бұрын мемлекеттік қызметте болмаған. Яғни ел қатаң сынайтын, есебін құрғақ сандар ғана құрайтын қатып қалған шенеуніктің қатарынан емес. Мемлекет басшысы ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында «Қазір ауыл әкімдерінің 72 пайызы жаңарды. Пилоттық жоба ретінде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың 45 әкімі сайланды. Биылдан бастап барлық аудан әкімдерін халық тікелей сайлайтын болды» деп нақты дерек келтірді. Бұл бастаманы ғұмырлы қылып, бұрын мемлекеттік қызметте болмаған жаңа әкімдерді шыңдай түсу үшін Мемлекет басшысының бастамасымен қазір «Әкімдер мектебі» оқыту жобасы басталды», - деді Нартай Сәрсенғалиев.

Ол атағандай, әр ауылдан келген әкім іс-қағазды дұрыс толтырудан бастап мемлекеттік бағдарламаларды жемісті жүзеге асыруды үйреніп жатыр.

«Оқу орта беліне келді қазір. Бұрынғыдай алаулатып-жалаулатып басталған бастамалар жол ортада қалмау үшін қазір «Әкімдер мектебінде» дәріс алып жатқан әкімдердің нені үйренгенін, елді-мекенді қаншалықты зерделегенін, өз басқарып отырған ауылдың өнімін молайту үшін кооперативтік жобаны қалай әзірлегенін және ауылдық округтің экономикалық даму бағдарламасын қалай жасақтағанын қатаң қадағалайтын арнайы жоба жасалды AMANAT партиясында. Бүгінге дейін еліміздің әр түкпірінде сайланған ауыл әкімдерімен аяқтай барып кездесіп жүрмін. Расында атқарар жұмыс жеткілікті, талап таудай, себебі өзі сайлаған, өзі танитын әкімге елдің қабағы қату», - деді депутат.

Сәрсенғалиев бұрынғыдай әдемі есеп беріп, өтірік статистика көрсетіп тайып тұратын ауыл әкімін ағайын ауылға жолатпақ емес дейді.

«Ондаған жыл бойы көзбояушылықтан шаршаған жұрт «Әкім бол халқыңа жақын бол» дегенді сайланған әкімнің санасына жақсылап құйғаны көрініп тұр. Тіпті мен кездескен кей ауыл әкімдері ауылда қалатын салықты арттыру үшін қалаға кеткен ауылдастарын аралап, олардан автокөліктерін туған жерге тіркеуін сұрапты. Солай ауылға түсетін салықты молайтпақ, кей әкімдер ауыл іргесіндегі өзен-көлдерді туристік аймаққа айналдырудың қамын қылуда, кей әкімдер малдың еті мен сүтін іргедегі ірі зауыттарға апару үшін келісімшарттар жасаған, айта берсем мысал көп», - деді Нартай Сәрсенғалиев.

Депутат ауылдың шаруасын шешу үшін нақты ұсыныстарды тізіп өтті:

  • ауыл мен аудандардың бюджеті әлі де облыстарға тәуелді. Салдарынан елді-мекендегі инфрақұрылымды дамытуға келгенде, төтенше жағдайды шешуге келгенде ауыл мен аудан әкімдерінің қолы байлаулы. Сондықтан бюджеттік қаржыландырудың «бесінші деңгейін» пилоттық режимде іске қосу керек. Яғни жергілікті аудан және ауыл деңгейінде бірқатар салықтық алымдарды қалдыру керек.
  • білім, денсаулық, коммуналдық шаруашылық, құрылыс сынды маңызды салалардың қаржысы облыста шоғырланғанын ескеру керек. Бұл ауылда туындаған мәселені уақытылы шешуге кедергі келтіреді. Сондықтан аталған салаларды қаржыландыру тетігін ауданға беру мүмкіндігін қарастыру керек.
  • қазірдің өзінде жергілікті бюджетке салықтың бір бөлігі түседі. Енді оны қадағалау тетігін арттыру керек. Сол үшін ауылдарда бюджет шығыстарын қадағалау құзыреті бар қоғамдық ұйымдар құру қажет. Қызметі ақысыз болуы шарт. Тиісінше ауыл әкімі бюджет шығыстарын тек жоғары тұрған басшылықпен емес, ауыл азаматтарымен де бекітуі керек.
  • «AMANAT» партиясы фракциясы депутаттарының бастамашылығымен жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіруге мүмкіндік беретін жаңа заң жобасы дайындалып Үкіметтің қорытындысына жіберілген еді. Ол жерде әкімдер мен мәслихаттардың өкілеттіктерін кеңейтуге арналған нормалар бар. Бірақ әлі күнге дейін Үкіметтің нақты позициясын, не ұсынысын көрмедік. Мұны мұқият назарға алу керек. 
Серіктес жаңалықтары