Бектенов Словения президенті Наташа Пирц-Мусармен кездесті

Автор: Бақыт Шынар

Екі тарап сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Фото: үкімет

Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов Словения Президенті Наташа Пирц-Мусармен кездесіп, екі тарап сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Саясаткерлер сауда саласында Іскерлік кеңестің жұмысына назар аударды. Іскерлік кеңес тау-кен, мұнай-газ және басқа да салаларда әріптестікті тереңдетудің және тәжірибе алмасудың қосымша тетігі болуы тиіс.

«Көлік-логистика саласындағы, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту аясындағы ынтымақтастық талқыланды. «Орта дәліз» бойындағы бірлескен логистикалық және инфрақұрылымдық жобалардың келешегі қарастырылды», - деп хабарлайды үкімет.

Кездесу соңында екі ел президенттері қол жеткізген нақты уағдаластықтары мен бірлескен мәлімдемелерін жүзеге асыру мәселелері ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның ерекше бақылауында болатыны айтылды.