Президент оппозиция туралы заңға қол қойды

Автор: Azattyq Rýhy

Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады

Фото: ашық дереккөзден

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев парламенттік оппозиция мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды.

Еске сала кетейік, 28 мамырда сенаторлар парламенттік оппозиция туралы заңды қабылдады.

«Бүгін біз президенттік реформалар аясында әзірленген маңызды екі заң жобасын қабылдадық. Соған сәйкес, еліміздегі демократиялық үрдістерді әрі қарай дамыту мақсатында қолданыстағы заңнамаға «парламенттік көпшілік» және «парламенттік оппозиция» ұғымдары енгізіліп отыр. Заңмен Мәжіліске сайланатын парламенттік оппозиция депутаттарының өкілеттіктері және олардың жұмысын қамтамасыз ету тетіктері нақты айқындалды. Мемлекет басшысының ұсынысымен қабылданған жаңа заңнамалық нормалар елімізде парламенттік оппозицияға кепілдікті қамтамасыз етеді және Қазақстандағы парламентаризмді дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашады деп сенеміз», – деп түсіндірді Сенат спикері Мәулен Әшімбаев.

Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.