Алпысқа жуық адам қаза тапқан - Тоқаев Солтүстік Македония президентіне көңіл айтты
Кочани қаласындағы Pulse түнгі клубында өрт шығып, 59 адам қаза тапты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Македония Республикасының президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қасым-Жомарт Тоқаев Кочани қаласында болған өрттен көптеген адамның қаза тапқаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізді. Мемлекет басшысы Қазақстан халқының және жеке өз атынан Солтүстік Македония Президенті Гордана Силяновска-Давковаға және жақындарынан айырылған отбасыларға көңіл айтып, жарақат алған азаматтардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді», - деп жазды Ақорда.
Айта кетейік, Кочанидегі Pulse түнгі клубында елде танымал хип-хоп дуетінің концерті өтетін болып, оған 500 адам жиналған. Жергілікті уақытпен түнгі сағат 02.30-да ғимарттан өрт шыққан, барлығы 155 адам зардап шекті. Қаза тапқандардың саны алпыс адамға жуықтайды.