Президент құзырлы органдарға тиісті тапсырма берді
Бүгін Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтай кезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев ведомстволық марапат жүйесін сынады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тоқаевтың пайымынша, марапаттар орынсыз таратылатыны соншалық, бір мемлекеттік органның төсбелгісін бір адам бірнеше рет тағынған екен.
«Біз соңғы жылдары мемлекеттік наградалар мәселесін қайта қарап, бір жүйеге түсірдік. Енді ведомстволық (мекемелік) марапаттарды ретке келтіру қажет. Мемлекеттік органдар бұл жұмысты назардан тыс қалдырды. Нақты ереже жоқ, бәріне ортақ мәліметтер қоры да жоқ. Соның кесірінен кейбір марапаттар орынсыз таратылып жатыр. Тіпті, бір мемлекеттік органның төсбелгісін бір адам бірнеше рет алған жайттар да кездеседі», - деді Тоқаев.
Сондықтан президент құзырлы органдарға тиісті тапсырма беріп, бірыңғай стандарт енгізу керек екенін айтты.
Ведомстволық награда – нағыз білікті мамандарға ғана берілетін, сол арқылы кәсіби мәртебені көтеретін маңызды награда. Бұған бей-жай қарауға болмайды. Сондықтан мекемелік марапаттардың бірыңғай стандартын және тізімін жасау қажет. Әрине, әр мекеменің өз ерекшелігін ескерген жөн. Бірақ бәріне ортақ ұстаным болуы керек. Құзырлы органдарға осы шаруаны қолға алуды тапсырамын»